Атырауда туды қорлағандар сотталатын болды

Әлеуметтік желілерде Қазақстан туына Сауд Арабиясының элементтері қосылған жалауды ұстап тұрған адамдардың суреті тарады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында болған. Облыстық полиция департаменті бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Мемлекеттік рәміздерді қорлау бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Төрт күдікті анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың екеуі жасөспірім, сондықтан ата-аналарының қатысуымен жауап алынуда.
ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін 3000 АЕК дейін айыппұл, 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тергеу нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі.
Соңғы жаңалықтар





