Атыраудағы отбасы өлімі: сот сарапшысы Наурыздың басы неге денесінен ажырағанын түсіндірді
Атырауда бір отбасының өліміне қатысты сотта қоғамда үлкен талқы тудырған жайтқа түсініктеме берілді. Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та қаза тапқан Наурыз Мұқанғалиевтің басы денесінен бөлек табылғаны туралы ақпарат тараған болатын, деп хабарлайды Politico.kz.
Осы мәселеге байланысты сот-медициналық сарапшы Сержан Сейдешевтен жауап алынды. Сарапшы Наурыз Мұқанғалиев пен оның отбасы мүшелерінің мәйіттеріне зерттеу жүргізген.
Сараптама қорытындысы жарияланғаннан кейін тараптарға қосымша сұрақ қоюға мүмкіндік берілді. Айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыздың мойны мен қолынан қан іздері табылған-табылмағанын және мәйітті жерден қазып алу кезінде басы мен қолы денеден ажырауы мүмкін бе екенін сұрады.
Сарапшы мәйітті зерттеу барысында бастың зорлықпен кесілгенін немесе әдейі денеден ажыратылғанын дәлелдейтін ешқандай белгі анықталмағанын айтты. Оның сөзінше, бұл ұзақ уақыт жер астында жатқан мәйітте жүрген табиғи биологиялық өзгерістердің салдары.
«Бастың денеден ажырауы мәйіттің шіруі мен тіндердің ыдырауы нәтижесінде болған. Бұған жердің құрамы мен мәйітті жерден алу тәсілі де әсер еткен. Терісі толықтай жойылған, кей жерлерде бұлшықет тіндері сақталған, ал кей бөліктерінде мүлде болмаған. Сондықтан өлімнің нақты себебін анықтау мүмкін емес. Дегенмен сақталған тіндерді зерттеу барысында кемінде он пышақ жарақаты анықталды. Олардың әрқайсысы ауыр дене жарақаты санатына жатады», – деді сот-медициналық сарапшы.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылы Атырау облысының Жангелдин ауылында болған. Тергеу мәліметінше, қылмыстан кейін Сұлтан Сәрсемәлиев күдік тудырмас үшін ауыл тұрғындарына марқұмдардың емделуге кеткенін айтып, бірнеше ай бойы Наурыз Мұқанғалиевтің атынан туыстарымен мессенджер арқылы хат жазысып отырған.
Соңғы жаңалықтар