Атыраудағы қанды қылмыс: Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін мойындады
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары мәресіне жетті, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ақ Жайыққа сілтемемен.
Іс бойынша күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиев қазіргі уақытта тергеу изоляторында қамауда отыр және сот алдында жауап беруді күтуде.
Белгілі болғандай, күдікті іс материалдарын қарап шығып, төрт адамның өліміне байланысты кінәсін мойындаған. Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Негізгі айып — екі немесе одан көп адамды қасақана өлтіру.
Сонымен қатар тергеу барысында марқұмдарға тиесілі малды сатып жіберу және банк карталарынан ақша алу деректері де анықталған. Осыған байланысты «ұрлық» пен «алаяқтық» баптары бойынша қосымша істер тіркелген.
Құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің айтуынша, тергеу толық аяқталып, іс жақын арада сотқа жіберіледі. Алғашқы сот отырысы осы айдың ішінде өтуі ықтимал.
Айта кетейік, психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижесінде күдіктінің әрекетіне толық жауап бере алатыны анықталған. Егер сот кінәсін дәлелдесе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар