Атышулы қаржы пирамидасының ісі қайта қозғалды

08.01.2026 11:42 Арман Ермеков Арман Ермеков
Атышулы қаржы пирамидасының ісі қайта қозғалды
0
421
Фото: ҚМА

Павлодарда «HAS» қаржы пирамидасына қатысты тергеу қайта жанданды, деп хабарлайды Politico.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «HAS» қаржы пирамидасына қатысты жаңа деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бұл шара аталған ұйымның қызметінен опық жеп, қаражатынан айырылған азаматтардың жаппай түскен өтініштері негізінде қолға алынды.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарына 125-тен астам жәбірленушіден арыз келіп түскен. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 821 миллион теңгеден асады. Тергеу барысында күдіктілердің салымшылар есебінен Астана қаласындағы «A.D.A.M. group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сатып алғаны анықталды. Құны 525 миллион теңгеге бағаланған жер учаскелері бар бұл компания қылмыстық ізді жасыру мақсатында ұйымдастырушының танысының атына рәсімделген. Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Биылғы жылдың 6 қаңтарында күдіктілердің іс-әрекеті қайта сараланып оларға бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылды. Атап айтқанда ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, қаржы пирамидасын ұйымдастыру мен жарнамалау, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған ақша мен мүлікті заңдастыру деректері қамтылған.

Еске салайық 2025 жылдың сәуір айында сот «HAS» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары мен жетекшілеріне қатысты үкім шығарған еді. Сол кезде бес айыпталушы 6 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Сот шешімімен салымшылардың қаражатына алынған жалпы құны 1,2 миллиард теңгеден асатын мүлік тәркіленіп шығынды өтеуге бағытталды. Өндіріп алынған активтер тізімінде 4 пәтер, 18 автокөлік, 3 жер учаскесі, автотұрақ орындары, тұрғын емес ғимараттар және банк шоттарындағы қаржы бар. Бүгінгі таңда сот орындаушылары жәбірленушілерге 300 миллион теңге көлемінде төлем жүргізді.

Айта кетейік «HAS Holding» қаржы пирамидасының заңсыз әрекеттері алғаш рет 2023 жылы әшкереленген болатын. Алаяқтар сенгіш азаматтарды инвестицияланған соманың 70 пайызына дейін ай сайынғы пассивті табыс табуға уәде беріп қызықтырған. Қаржылық мониторинг агенттігі осы ұйымның қызметінен зардап шеккен өзге де азаматтарды аумақтық бөлімшелерге хабарласуға шақырады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий