Ауғанстандық бала ұшақтың дөңгелегіне жасырынып Үндістанға жеткен

Ауғанстанның Құндыз қаласының 13 жастағы тұрғыны Kam Air әуе компаниясының ұшағының шассисіне жасырын кіріп, аса қауіпті сапар жасаған, деп хабарлайды POLITICO.KZ. BBC сайтына сілтеме жасап.
21 қыркүйек күні таңертең ол Кабул – Нью-Дели рейсіне мінген. Жасөспірімнің айтуынша, ол Тегеранға баруды көздеген, бірақ қателесіп басқа ұшақты таңдаған.
94 минутқа созылған рейс Үндістандағы Индира Ганди атындағы халықаралық әуежайға қонған соң үстінде жеңіл ғана киім мен жүксіз шыққан баланы әуежай қызметкерлері байқап қалған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда аман қалу мүмкіндігі өте төмен. Себебі 9–12 мың метр биіктікте температура –50 °C-қа дейін төмендейді, ал герметикасы жоқ бөлікте ауа жетіспеу қатты сезіледі. Статистика бойынша, мұндай әрекеттердің 77%-ы өліммен аяқталады.
АҚШ-тың Азаматтық авиация федералдық басқармасының (FAA) дерегінше, 1947 жылдан 2021 жылға дейін 132 адам ұшақтың шассисінде жасырын ұшуға тырысқан, олардың көбі қаза тапқан. Мәселен, 1996 жылы British Airways әуе компаниясының Нью-Дели – Лондон рейсінде үндістандық екі жолаушы шассиге тығылған, олардың біреуі сапар барысында қаза болған.
Ауғанстандық жасөспірімге ерекше сәттілік серік болды дейді, себебі ол сапардан дін-аман шыққан. Баланың өкінішіне қарай, оны келесі рейспен Кабулға қайтарды.
Соңғы жаңалықтар





