«Ауыл бізден кеткен емес»: Ләйлә Сұлтанқызы балаларына сіңіріп жүрген отбасылық дәстүрін айтты
Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында балаларына ата-бабасының туған жерін танытып, туған ауылға тағзым етудің маңызы туралы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналисттің айтуынша, жұбайы Қайрекеннің туған жері – Түркістан облысындағы Қызылкөл ауылына жыл сайын балаларымен бірге барып, ата-бабаларына Құран бағыштауды отбасының тұрақты дәстүріне айналдырған.
«Ер баланың өз тегін біліп, ата-бабасының шыққан жерін көріп өскені өте маңызды. Оның болашағына да, адамдармен қарым-қатынасына да әсері мол. Қайрекеннің туған жері – Қызылкөл. Балалық шағы өткен, әр тасы мен сүрлеуі таныс шағын ауыл. Бүгінде онда жүзден сәл ғана аса шаңырақ бар. Жыл сайын осы ауылға ұлдарды ертіп барып, Қайрекеннің ата-бабаларына, жақындарына Құран бағыштауды дәстүрге айналдырғанбыз. Биыл да қонақасы беріп, волейболдан турнир ұйымдастырып, ас беріп қайттық», – деп жазды ол.
Ләйлә Сұлтанқызы туған жерден жырақта жүрсе де, адам өзінің тамырын ұмытпауы керектігін атап өтті.
«Біз ауылдан кеткенімізбен, ауыл бізден кеткен емес. Тамырыңды ұмытпау, өткендерді түгендеу, аруақтарға дұға бағыштау – кейінге қалдыра беретін дүние емес. Өткендерді түгендеңіздер, аруақтарды разы қылыңыздар. Ертең кеш болып қалмасын», – деді тележүргізуші.
Соңғы жаңалықтар