Автобуспен жүру құнын 500 теңгеге қымбаттатудың орнына тегін ету туралы сөз қозғалды

Автобуспен жүру құнын 500 теңгеге қымбаттатудың орнына тегін ету туралы сөз қозғалды
15.10.2025 10:28
0
145
коллаж: POLITICO.KZ

Сарапшы Астанада қоғамдық көлікті тегін ету туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Жақында қоғамдық көліктегі жол ақысын 110 теңгеден 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Бұл ұсынысты жақтаушылар тасымалдаушы компаниялардың шығынын ақтап, мемлекеттік субсидияны азайту қажеттігін алға тартса, тәуелсіз сарапшы Ерлан Кәрімов бұл мәселеге мүлдем басқа қырынан қарауды ұсынады. Оның пікірінше, жол ақысын қымбаттатудың орнына, оны толығымен тегін ету Астана сияқты ірі қаланың экономикасына әлдеқайда тиімдірек.

«Біріншіден, жолақының 4-5 есеге өсуі төмен және орта табысты азаматтар үшін айтарлықтай қосымша салмақ болады. Бұл олардың сатып алу қабілетін төмендетіп, инфляциялық қысымды күшейтеді.

Екіншіден, жолақының қымбаттауы адамдарды жеке көлікке қайта оралуға итермелеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде көлік кептелістерін, ауа ластануын және қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырады», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, керісінше, ірі қалаларда тегін қоғамдық көлік жүйесін енгізу - әлеуметтік әділ әрі экономикалық жағынан ұтымды шешім болар еді.

«Менің ойымша, жұмыс істейтін халықты қолдау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болуы тиіс. Себебі дәл осы азаматтар экономиканың тірегі: олар қосылған құнды қалыптастырады, салық төлейді және ішкі тұтыну сұранысын қамтамасыз етеді.

Сондықтан ірі қалаларда – ең алдымен Астана мен Алматыда – тегін қоғамдық көлікті енгізу ең тиімді әлеуметтік және экономикалық шаралардың бірі болар еді. Бұл бастама көлік ағынын азайтып, экологияны жақсартып, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдер еді.

Астана – Орталық Азиядағы ең жылдам дамып келе жатқан қалалардың бірі. Бірақ бұл өсіммен бірге көлік санының артуы және инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуі жүріп жатыр. Кептелістер қаланың экономикасына айтарлықтай залал келтіруде», - дейді Кәрімов.

Көлік кептелісінің күнделікті бағасы – 2,6 млрд теңге

Сарапшының есебі бойынша, Астанада шамамен 685 мың жұмыс істейтін адам бар. Орташа жалақы 604 мың теңге, ал бір сағаттық еңбек құны - 3800 теңге. Кептелістердің салдарынан қала күніне шамамен 2,6 млрд теңге экономикалық шығынға ұшырайды. Бұған отын шығынының өсуі мен логистикалық кідірістердің әсерін қосқанда, қалалық экономикаға айтарлықтай залал келеді.

Кептелістер кезінде жанармай шығыны 15-30% артады. Егер орта есеппен әр көлік күніне 150 теңгеге артық шығын жасайтын болса, Астанадағы 385 мың автокөлік үшін бұл тәулігіне 60 млн теңге қосымша шығынды білдіреді.

Логистикалық кідірістер тауарлардың өзіндік құнын өсіріп, бизнес тиімділігін төмендетеді және инвестициялық тартымдылықты әлсіретеді.

Кәрімов Эстонияның Таллин қаласын мысалға келтіріп, тегін қоғамдық көліктің тиімділігін атап өтті. 

«Эстонияның астанасы Таллин Еуропада алғашқылардың бірі болып тұрғындары үшін тегін қоғамдық көлікті енгізді. Нәтижесінде жолаушылар саны артты, көлік қозғалысы азайды және экологиялық жағдай жақсарды. Ең қызығы – қала бюджеті бұдан ұтылды емес, керісінше ұтты: көптеген азаматтар ресми тұрғылықты тіркеуін Таллинге ауыстырып, салық төлей бастаған», - дейді ол.

Ақшаны қайдан аламыз?

Қоғамдық көлікті тегін ету үшін қажетті қаражатты қайдан алуға болады? деген заңды сұрақ туындайды. Қазірдің өзінде тасымалдаушыларға берілетін субсидия көлемі 242 млрд теңгеге жеткен. Ерлан Кәрімов бұл мәселені шешудің төрт жолын ұсынады:

  • «Понт салығын» енгізу. VIP нөмірлерді аукцион арқылы қымбатқа сату және автокөліктің алдыңғы терезесін заңды түрде күңгірттеуге ақылы рұқсат беру (Тәшкент пен Душанбедегідей). Бұл қарапайым халыққа салмақ салмайды, бірақ бюджетке ондаған миллиард әкеледі.
  • Утильалымды тиімді пайдалану. Утильалымнан түскен қаражатты тек қоғамдық көлікті жаңарту мен жаңа автобустар сатып алуға бағыттау.
  • Әкімшілік шығындарды азайту. Тегін көлік жүйесі енгізілсе, билет сату, тексерушілер штаты мен валидаторларға қызмет көрсету сияқты шығындар жойылады.
  • Ескі көліктерге салық реформасы. Жаңа Салық кодексіндегі ескі көліктерге арналған 50% жеңілдікті алып тастап, оның орнына экологиялық салық енгізу.

Сарапшының пікірінше, жолақы мәселесі тек тарифке қатысты емес.

«Астана сияқты қалалар үшін мәселе тек жолақы мөлшерінде емес. Бұл – экономикалық тиімділік, экологиялық жауапкершілік және азаматтардың өмір сапасы туралы шешім. «500 теңге ме, әлде 0 теңге ме?» деген сұрақтың жауабы – цифрларда емес, қала қандай болашақ құратынында жатыр», - деп түйіндеді Ерлан Кәрімов.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий