Аяғын ит жалаған әйел көз жұмды

Аяғын ит жалаған әйел көз жұмды
26.07.2025 10:12
0
763
pixabay.com

Ұлыбританияның Аттлборо қаласында 83 жастағы зейнеткер Джун Бакстер немересінің иті жарасын жалап кеткеннен кейін септикалық шоктан қайтыс болды. Бұл туралы Daily Mail басылымы хабарлады.

Қайғылы жағдай өткен айда орын алған. Джун өз үйіндегі дәретханада құлап, аяғын жарақаттап алған. Жеке дабыл жүйесі арқылы көмек шақырып, алғашқы болып немересі Кейтлан Аллин мен оның иті жеткен. Медициналық қызметкерлер келгенге дейін жара таңылып, өңделген. Алайда дәл сол сәтте ит жараны жалап үлгеруі мүмкін.

Келесі күні зейнеткер өзін нашар сезіне бастайды. Таңертең ауруханаға жеткізілгенімен, бір апта өткен соң ол септикалық шоктан көз жұмады. Қан талдауы нәтижесінде Pasteurella multocida бактериясы анықталған — бұл микроорганизм иттер мен мысықтардың аузында жиі кездеседі.

Норфолк графтығының коронері Иоганна Томпсон Джун Бакстердің өлімін «кездейсоқ жағдай» деп тіркеді. Немересі иттің жараны жалап жатқанын көрмегенін айтқанымен, мұндай жағдайдың болуы мүмкін екенін мойындаған, себебі әжесі үй жануарынан ешқашан алшақтамаған. Ит бұған дейін жеті жыл бойы Джунмен бірге өмір сүрген, кейін зейнеткер оған қарай алмайтындай күйге жеткен соң, жануарды немересіне тапсырған.

Медицина сарапшылары Pasteurella multocida бактериясы ауада бөлме температурасында 24 сағаттан артық өмір сүре алмайтынын айтады. Бұл инфекцияның жарақат алған күні жұққанын дәлелдейді.

Мамандар үй жануарлары бар адамдарға, әсіресе егде жастағылар мен иммунитеті әлсіздерге жарақат алған кезде абай болуға кеңес береді. Ит пен мысықтардың ашық жараға тіл тигізуі ауыр инфекцияға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий