Әйелдің корпоративті кешкі астан кейін 13 ағзасын алып тастауға тура келді

Британиялық әйел Ребекка Хинд корпоративті кешкі астан кейін тамақтан уланғаннан соң 13 ішкі ағзасын алып тастауға мәжбүр болды.
Ребекка корпоративті кешкі ас кезінде уланғаннан кейін, әріптестері тез сауығып кеткенімен, өзі бірнеше апта және ай бойы өзін нашар сезінуді жалғастырған. Антибиотиктерді қабылдап, дәрігерлермен кеңескен соң оған компьютерлік томографиядан өтуге кеңес берілген.
Тексеру барысында дәрігерлер оның құрсақ қуысы ішінде көптеген түзілістерді анықтаған. Биопсия қорытындысы бойынша, Ребеккада өте сирек кездесетін "псевдомиксома перитонея" диагнозы қойылған. Бұл дерт кезінде іш қуысында шырыш және ісік жасушалары жиналып, қатерлі түзілістер түзеді.
Өкінішке қарай, ауру бірнеше ішкі ағзаға жайылып, тығыз ісіктерді қалыптастырған. Әйел екі ауыр хирургиялық отадан өтіп, оның барысында 13 ағза мен олардың бөліктері – аналық бездері, жатыр, тоқ ішек және ас қорыту жүйесінің бір бөлігі алынып тасталды.
Бұл оталардан кейін Ребеккаға ағзаның жоғалған қызметтерін өтеу үшін күніне 60 таблетка қабылдауға тура келеді. Сондай-ақ, оған құрсақ қуысына химиялық препараттардың қыздырылған ерітіндісін енгізу арқылы ісік жасушаларын жоюды көздейтін HIPEC процедурасы жасалды.
Қайта-қайта жүргізілген сегіз химиотерапия курсы да ауруды тоқтата алмады. Соңғы эксперименталды емдеу курсы да ауыр жанама әсерлер тудырып, тоқтатылды.
Қазір 40 жастағы Ребекка емделмейтін диагнозбен өмір сүріп жатыр және өмірінің қанша қалғанын білмейді. Бірақ ол берілмей, өмір сапасын арттыру үшін күресіп, осы сирек ауру туралы ақпаратты насихаттаумен айналысуда.
"Мен мүмкіндігінше қалыпты өмір сүруге тырысамын. Серфингке шықтым, әуе шарында ұштым, ит шанағында жүріп көрдім. Қазір мен Pseudomyxoma Survivor қорына қаражат жинау үшін 90 шақырымдық веложарысқа қатыстым", – дейді Ребекка.
Соңғы жаңалықтар





