Әйелі күйеуінің басқа біреумен хат жазысқанын көріп, 9 рет пышақ сұғып алған

Бакуде қызғаныш салдарынан ауыр қылмыс тіркелді. 27 жастағы Айнұр Зарбалиева күйеуінің телефонынан басқа әйелмен жазысқан хаттарын байқап, оны ұйықтап жатқанда пышақтаған.
Оқиға Низами ауданында орналасқан пәтерлердің бірінде орын алған. Ерлі-зайыптылар арасында бұған дейін де жанжалдар болған. Айнұр күйеуінің опасыздығын сезіп, телефонын тексеру кезінде өзге әйелмен интимдік сипаттағы хат алмасуларды көріп қойған. Осыдан кейін отбасындағы жағдай ушығып кеткен.
Күйеуі Сақит Зарбалиев кешкісін жұмыстан үйге оралған соң, жұбайы оған ашулы сөздер айтқанымен, ол мән бермей, жатын бөлмеге өтіп, ұйықтап қалған. Алайда ашуын баса алмаған Айнұр түн ортасында ас үйден пышақ алып, ұйықтап жатқан күйеуіне шабуыл жасаған. Ол күйеуінің жүрек тұсына, тамағы мен мойнына тоғыз рет пышақ салған.
Айнұр оны өлді деп ойлап, пәтерден шығып, баспалдақта отырған. Бірақ ауыр жараланған Сақит орнынан тұрып, әйелінен су мен телефон сұрап, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оны дер кезінде ауруханаға жеткізіп, өмірін сақтап қалды.
Қылмыстық іс қозғалып, Айнұр Зарбалиева ұсталды. Сот процесі барысында ол кінәсін мойындады. Ерлі-зайыптылардың татуласқаны анықталғанымен, сот Айнұрды 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Соңғы жаңалықтар




