Атырауда әйелін қыздарының көзінше өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты

23.12.2025 11:01 Арман Ермеков Арман Ермеков
Атырауда әйелін қыздарының көзінше өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты
0
821

Атырау қаласында жұбайын аяусыз соққыға жығып өлтірген 41 жастағы Тимур Кабдрахитовқа қатысты сот процесі аяқталды. Заң өкілдері айыпталушыны кінәлі деп танып, оны ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті, деп хабарлайды Politico.kz порталы HALYQSTAN арнасына сілтеме жасап.

Қылмыстық іс бастапқыда Қылмыстық кодекстің 106-бабы, яғни «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша тергелген болатын. Алайда тергеу барысында іс қайта сараланып, айып неғұрлым ауыр бапқа – «Адам өлтіруге» ауыстырылды. Соттың шешімімен Тимур Кабдрахитов 10 жылға түрмеге қамалды.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 19 тамызында орын алған. Отбасылық жанжал кезінде 39 жастағы Ләззат Тасқынбаева күйеуінен алған ауыр жарақаттарының салдарынан тіл тартпай кетті.

Қанды оқиға сәтінде пәтер ішінде ерлі-зайыптының 12 және 6 жастағы екі қызы болған. Ересек қызы анасының қатыгездікпен өлтірілгеніне куә болып, сотта болған жайтты бүге-шігесіне дейін айтып берді. Анасынан айырылған балалар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында психологтардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Себебі көзі нашар көретін мүгедек әжесінің денсаулығы немерелерін қамқорлыққа алуға жарамаған.

Тергеу мен сот барысында қылмыскердің әрекетіне қатысты тағы бір сұмдық дерек анықталды. Кабдрахитов әйелінің жансыз денесін көргенде полиция немесе жедел жәрдем шақыруға асықпаған. Ол алдымен өзінің екі әпкесіне қоңырау шалып, жағдайды хабарлаған. Арнайы қызметтерге қоңырау туыстары келгеннен кейін ғана түскен.

Марқұм мен сотталушы 14 жыл отасқан. Туыстарының сөзінше, соңғы бес жылда отбасының тіршілігі тозаққа айналған. Күйеуі ішімдікке салынып, әйеліне жиі қол көтеруді әдет қылған. Ләззат соңғы екі жылда жұмыс істемей үйде отырса да, балаларының болашағы үшін бар қиындыққа төзіп келген. Марқұмның жақындары айыпталушы жасаған қылмысына сай емес, тым жеңіл жаза алып кете ме деп қауіптенген еді.

Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий