"Әйелін үш жыл күткен": Түрменің алдында кездескен ерлі-зайыптылар жұртты елжіретті

31.10.2025 12:29 Мөлдір Талғат
0
1932
Polisia.kz

Абай облысындағы әйелдер колониясында жүрек тебірентерлік оқиға орын алды — алаяқтық бабы бойынша бес жылға сотталған 26 жастағы әйел жазасын өтеп, көптен күткен бостандығына шықты.

Ол жазасын өтеу барысында мекемеде аспаздың көмекшісі болып еңбек етіп, өзіне жүктелген міндеттерді адал әрі ұқыпты атқарған. Әкімшілік оның еңбекқорлығын, жауапкершілігін және мінез-құлқын ерекше атап өтті. Қиындықтарға қарамастан, ол өмірге деген сенімін жоғалтпай, өзіне жігер сыйлай білген, себебі оны сыртта төрт және алты жастағы екі баласы күтіп отырған.

Бостандық күні келгенде, колония қақпасынан оны Жетісу облысынан арнайы келген жары қарсы алды. Ерлі-зайыптылардың кездесу сәті әсерлі әрі қуанышқа толы болды — екеуі көз жасын тыя алмай, ұзақ уақыт бір-бірінен ажырай алмады. Бұл тек отбасы мүшелерінің табысуы ғана емес, ананың өз өміріне, балаларына және болашағына қайта оралу сәті еді.

Бостандыққа шыққан әйел мекеме әкімшілігіне алғысын білдіріп, жаңа өмірге деген ниетін бөлісті.

“Ең бастысы – жақындарымның қасымда болуы. Мен осы сәтті күн сайын армандадым. Бұрын макияж суретшісі болып жұмыс істедім, енді сол сүйікті ісіме қайта оралғым келеді. Адамдарға әдемілік пен қуаныш сыйлау — менің өмірлік мақсатым. Әрине, жастық шағымның бір бөлігі түрмеде өтті, бірақ бұл өмірлік сабақ мені мықты етті. Ендігі арманым — балаларыммен және отбасыммен жаңа өмір бастау”, – деді ол.

№23 мекеме әкімшілігінің өкілдері де әйелдердің қоғамға қайта бейімделуі — олардың басты мақсаты екенін атап өтті.

“Біз сотталғандарды тек жазасын өтеп жатқан кезде ғана емес, бостандыққа шығуға дайындық барысында да қолдаймыз. Оларға еңбек етуге, жаңа мамандықтарды меңгеруге және өмірге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береміз. Біздің мақсат – олардың қайтадан қоғамға оралып, өткен қателіктерін қайталамауы”, – деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий