Айгүл Иманбаева мен Жанар Айжанованың басы дауға қалды
Алматыда ағылшын тілін үйретеміз деп жарнама жасаған «Талпын» академиясының үстінен жүздеген адам шағым түсірді. Онлайн курсқа ақша төлегендер сабақтың бір айдан кейін тоқтап қалғанын айтып, полицияға жүгінген, деп хабарлайды Politico.kz.
Жәбірленушілердің бірі Сәуле Құсбекованың айтуынша, ол танымал өнер иелерінің жарнамасына сеніп, қызына курс сатып алған.
«Алты айлық оқу үшін 420 мың теңге төледім. Алғашқы бір ай сабақ өтті. Кейін қайта-қайта хабарласқанымызбен, сабақ тоқтап қалды. Ешкім нақты жауап берген жоқ», – дейді ол.
Мәселе тек оқушылармен шектелмеген. Академияда жұмыс істеген 50-ден астам мұғалім де еңбекақыларын ала алмай жүргендерін айтқан.
Орталықты жарнамалаған жұлдыздардың қатарында Айгүл Иманбаева, Жанар Айжанова және Еркебұлан Тоқтар бар. Алайда олардың өздері де академияның жұмысына қатысты наразылық білдірді.
Айгүл Иманбаева курсты жарнамаламас бұрын оның сертификаттарын тексергенін айтса, Жанар Айжанова видеосының рұқсатсыз ақылы жарнамаға пайдаланылғанын мәлімдеді. Ал Еркебұлан Тоқтар жарнама жасаған кезде орталықтың қалыпты жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
Өз кезегінде «Талпын» академиясы қаржылық қиындықтарға байланысты оқу процесі тоқтап қалғанын растады. Компания өкілдері мұғалімдердің жалақысы өтелетінін, ал клиенттерге не ақшасы қайтарылатынын, не оқу жалғасатынын мәлімдеді.
Алайда бұған сенбеген азаматтар жаппай полицияға арыз жазған. Алматы қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.
Қазіргі таңда «Талпын» академиясына алданып қалғандардың саны 300-ге жуықтаған. Олар Алматыдан бөлек, еліміздің басқа өңірлерінде де бар. Тергеу барысында кінә дәлелденсе, күдіктілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар