Мәсімовтің әмияны Айгүл Нұриеваның Дубайда 2,2 млрд теңгелік пентхаусы бар екені белгілі болды

Мәсімовтің әмияны Айгүл Нұриеваның Дубайда 2,2 млрд теңгелік пентхаусы бар екені белгілі болды
26.09.2025 13:48
0
364
ФотоКоллаж: POLITICO.KZ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің серігі болған Айгүл Нұриеваның шетелдегі жаңа активтері туралы деректер пайда болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.

Нұриеваның Дубайдан құны 2 миллиард теңгеден асатын пентхаус сатып алғаны және Тынық мұхитының ортасында орналасқан АҚШ-қа тиесілі аралдарда тұруға рұқсат беретін құжаты бары белгілі болды.

Дубайдағы 2 миллиард теңгелік пентхаус

«Выход к морю» арнасының мәліметінше, Нұриеваға Дубайдағы әйгілі Palm Jumeirah аралында орналасқан Al Dabas тұрғын үй кешенінде екі деңгейлі, ауданы 490 шаршы метрге жуық пентхаус тиесілі. Бұл аудан бұрыннан қазақстандық элитаның сүйікті орнына айналған. Бұрынғы премьер-министрлер Серік Ахметов пен Асқар Маминнің туыстары, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдар да осы жерден үй сатып алған. Нұриеваның көршісі бұрынғы мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев болып шықты, бірақ оның пәтері Нұриеванікімен салыстырғанда әлдеқайда қарапайым. Пентхаустың ішінде төрт жатын бөлме, жеті жуынатын бөлме, бірнеше қонақ бөлмесі, асхана және қызметшілерге арналған бөлме бар. Мұндай нысандардың нарықтағы бағасы шамамен 14,5 миллион дирхамға, шамамен 2,2 миллиард теңге бағаланады.

Америкалық Самоадағы құжат не үшін қажет?

Нұриеваның табылған тағы бір маңызды құжаты – Америкалық Самоада тұруға ықтиярхаты. Америкалық Самоа – бұл Тынық мұхитының ортасында орналасқан, Америка Құрама Штаттарына қарайтын аралдар.

Бұл құжаттың бірнеше маңызды артықшылығы бар. Біріншіден, ол салықтық жеңілдіктер береді. Екіншіден, АҚШ азаматтығын алуға жол ашады. Егер Мәсімовтің бұрынғы көмекшісі АҚШ азаматы атанса, ол Қазақстан билігі үшін қолжетімсіз болады. Себебі Америка заңдары өз азаматтарын басқа елге экстрадициялауға, яғни тергеу үшін ұстап беруге тыйым салады. Нұриеваның бұдан бөлек Кипр паспорты, Ұлыбритания мен Гонконгта тұруға рұқсат беретін құжаттары да бар.

Айгүл Нұриева деген кім?

Айгүл Нұриева еңбек жолын Назарбаевтар отбасымен байланысты компанияларда бастаған. 2000-жылдардың ортасында ол «Қазақтелеком» мен «Казкоммерцбанктің» акциялар пакетін иемденіп, оның капиталы шамамен 1 миллиард долларға бағаланды. Осыған қарамастан, Нұриева Мәсімовтің жеке хатшысы болып қала берді және тіпті оның тұрмыстық мәселелерін де бақылауында ұстады. Уақыт өте келе оның есімі ірі мәмілелер мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты даулы істерде атала бастады. Оның есімі «GSM Қазақстан» (Kcell бренді) компаниясының акцияларын сату сияқты ірі мәмілелер мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты даулы істерде аталған.

Қазақстаннан шығарылған ақшаға Нұриева ондаған миллион долларға шетелден жылжымайтын мүлік сатып алған. Олардың қатарында Ұлыбритания, Франция және Гонконгтағы пәтерлер мен виллалар бар, олардың бір бөлігі оның бұрынғы күйеуі Ғафур Ихсанның атына рәсімделген. Ұлыбританияда оның қаржылық белсенділігі жергілікті құқық қорғау органдарының назарына ілініп үлгерген.

Айта кетейік, дәл осы «Выход к морю» арнасы ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен 2025 жылдың маусым айынан бері іздеуде жүрген бұрынғы судья Қарлығаш Тәткееваның Ресей Федерациясының азаматтығы бар екенін алғаш болып жазған болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий