Қазақстан мен Қырғызстан арасында барлық мәселе бойынша түсіністік бар – Ерлан Қарин
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың еліміздегі ресми сапары аясында қазақ-қырғыз зиялылары мен шығармашылық өкілдерінің форумы өтіп жатыр. Сол форумның жалпы отырысына Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Суйунбек Касмамбетов қатысты.
Іс-шарада сөз алған Ерлан Қарин қазақ-қырғыз бауырластығының түп тарихына тоқталып, қос халықтың алып перзенттері арасындағы достықтың озық үлгілерінен мысал келтірді.
Мемлекеттік кеңесші қазақ-қырғыз тұтастығының қандай деңгейде дамып жатқанын елдегі тасқын тағы бір көрсеткенін еске салды.«Бұл келелі кеңесіміз Қырғыз Республикасының Президенті құрметті Садыр Нұрғожаұлы Сапаровтың елімізге ресми сапары аясында ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар Қазақстанға Қырғыз Республикасының ақсақалдары мен ғалымдардан, ақын-жазушылардан құралған үлкен делегация келді», - деді ол.
Сонымен қатар шарада Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Суйунбек Касмамбетов, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Мелис Мураталиев, Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Абдылдажан Акматалиев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Мурас» Қырғызстан халқының тарихи және мәдени мұрасы қорының төрағасы Кыяс Молдокасымов сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Шығармашылықты шыңдау, ұрпақтар сабақтастығы және екі елдің рухани-мәдени мұрасын сақтауға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар әдебиет пен өнер саласындағы тың бастамалар мен ынтымақтастықтың анағұрлым перспективті бағыттары әңгімеге арқау болды. Сөз сөйлеушілер қазақ пен қырғызға ортақ мәдени құндылықтар мен салт-дәстүр туралы көп айтты. Соның бір мысалы ретінде екі жақтың сыйлы ақсақалдарына алма-кезек шапан жабылды.«Осы бір жүректен өткізіп, санамен сезетін ықпалдастық екі елді әрдайым бірлікте ұстап келеді. Соның арқасында қазақ пен қырғыз талай қиын-қыстау шақта бір-біріне қол ұшын созып, жабыққанда жұбатып, торыққанда қолдау көрсетеді. Елге төтеннен апат келгенде бір-біріне көмегін ала жүгіретін де екі ел. Бұрынғы өткеннің бәрін санамалап жатпай, соңғы екі жағдайды айтсақ та, оған анық көз жеткіземіз. Бішкекте төтенше жағдай болып, жұртшылық жылудан тарыққанда Қазақстан алғашқылардың бірі болып қолдау жасады. Ал елімізде табиғи апат болып, қарғын су кемерінен асқанда Қырғызстан ең бірінші болып гуманитарлық көмек жіберді. Осы қиын-қыстау кезде қол ұшын беріп, ниеттеріңізді көрсеткендеріңізге әрқашан ризашылығымызды айтамыз. Бұл да бауырластықтың, бірліктің, жанашырлықтың айқын көрінісі. Ең бастысы, Қазақстан мен Қырғызстан арасында барлық мәселе бойынша түсіністік бар. Саяси-экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді, мәдени-гуманитарлық қатынастар жоғары деңгейде. Бұл ынтымақтастық алдағы уақытта да өз бағытынан айнымайды деп сенеміз. Бүгінгі жиын да қос халықтың бірлігін бекемдеуге септігін тигізетіні сөзсіз», - деді Ерлан Қарин.
Здесь пока ничего нет
Соңғы жаңалықтар
12.12.2024
09:39
Қазақстанның тәуелсіздік алғаны
12.12.2024
09:27
Полиция Шерзат Полаттың үйін өртеген адамдарды ...
12.12.2024
09:10
2025 Жаңа жылға арналған құттықтау сөздер мен т...
11.12.2024
21:21
Шерзат Полат ісіндегі екі әйел куәгер болып кет...
11.12.2024
20:19
Марқұм Нұрқанат туралы тың деректер шықты
11.12.2024
19:48
Жаңа адамдар Бағлан Әбдірайымовқа өзімен жұмыс ...