Қазақстанның күрделі кен орындарын санкция астындағы ресейлік компания игере ала ма?

Қазақстанның күрделі кен орындарын санкция астындағы ресейлік компания игере ала ма?
15.04.2024 16:02
0
74
Әуезов", "Қаламқас-Теңіз", "Хазар" кен орындарының бір шылбыры ресейлік "Лукойлға" берілді. Сарапшылар Қазақстанның бұл қадамына қайран қалды. Өйткені "Лукойл" АҚШ санкциясына 2014 жылғы қыркүйекте алғашқы болып іліккен компания. Америкалық санкциялардың орындалуын қадағалайтын органы – Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) санкция аясында бұл ресейлік компанияның теңіздегі, терең қайраңдардағы мұнай өндірісі жобаларын қолдауға, технологиялар, тауарлар мен қызметтер жеткізуге батыс компанияларына тыйым салады. Оған инвестиция құюға, несие беруге шектеу енгізілді. Каспийдегі "Әуезов", "Қаламқас-Теңіз", "Хазар" қазыналы учаскелері жағаға жақындау орналасқанымен, бәрібір күрделі кен орындары саналады. Оның үстіне Батыстың, дамыған елдердің технологияларынан қағылған "Лукойл" моральдық тұрғыдан ескірген ресейлік не қытайлық жабдықтарды қолданса, Каспий теңізіне экологиялық апат қаупі төнбей ме? Мысалы, ресейлік "Ведомости" "Лукойлдың" теңіздегі кен орындарын игеру үшін "ресейлік және достық пейілдегі елдердің жеткізушілерімен келісімшарт бекіту" жолдарын қарастырып жатқанын жазды. Мәскеудің достары көп емес: Қытай, Солтүстік Корея, Иран, басқасы. Мұнай-газ саласының маманы Серік Елеуқұловтың байламынша, бұл қадамға мемлекет амалсыздан баруы мүмкін.
"Үкіметке қазіргі кезде қаражат ауадай қажет. Біраз реформалардың орындалуы соған тіреліп тұр. Оның үстіне биылғы алапат тасқын Үкіметтің жоспарларының парша-паршасын шығарды. Оннан астам өңірде он мыңға жуық үйді қалпына келтіруге тура келуі мүмкін. Содан билік көптеген жоспарын қайта қарап, алда республикалық бюджетті өзгертуге мәжбүр болады. Жығылғанға жұдырық дегендей, мысалы, Теңізді Келешек кеңейту жобасын іске қосу 2025 жылдың ІІ-тоқсанына ары ысырылды. Негізі, Қаламқас-Теңіз бен Хазар қазіргі кезде іске қосылып, мұнай өндірісінің жоғалтылған көлемін толықтыра бастауға тиіс еді. Алайда оларды игеруден 2019 жылы Shell бас тартты. Салдарынан Қаламқас-Теңіз бен Хазарды игеру белгісіз мерзімге шегерілді", – деді С.Елеуқұлов.
Оның айтуынша, о баста негізгі инвестор болады деп күтілген North Caspian Operating Company N.V. (NCOC), "Оман ойл" мен "Шелл" бас тартқан соң, "ҚазМұнайГаз" амалсыз "Лукойлды" серіктес етіп алды.
"Жалпы, бұл күрделі кен орындарын игеретіндей, "Лукойлдың" тиісті озық жабдығы жоқ. Мысалы, былтыр "Лукойл" санкиялар кесірінен Балтық теңізіндегі "D33" кенорнында мұнай өндірісін кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Өйткені компания жабдықтарды жеткізушілерді жаңадан іздеп жатыр. Сонда Әуезов, Қаламқас-Теңіз, Хазар кен орындарын қалай игереді? Оларды тікелей "Лукойл" емес, Kalamkas-Khazar Operating бірлескен қазақ-орыс кәсіпорны игереді. Бұл компанияға санкция енгізілмеген. Демек, Қазақстан бар беделін салып, жетекші жеткізушілердің тиісті жабдықтарын сатуына қол жеткізіп көреді. Сондай-ақ мұнай өндіре бастау мерзімі де 2028 жылға қалдырылды. Одан да ұзауы мүмкін", – деді сарапшы.
Егер бұл кен орындары тек төрт-бес жылдан соң өнім бере бастаса, бұл компаниядан дәл қазір қандай пайда болмақ? Энергетика министрлігінің дерегінше, аталған жобаны жүзеге асыру бюджетке 32 миллион доллар қол қойылған бонус төлеуді қарастырады. Бюджеті ортайып, жаны қысылған Үкімет үшін шамамен 15 миллиард теңге қомақты түсім болар еді. Сонымен қатар бастапқы кезеңде 2 мыңдай жұмыс орны құрылуға тиіс. Бұдан бөлек, “Коммерсантъ” хабарлауынша, жоба бойынша белгілі бір шарттар орындалса, "Лукойл" 100 миллион доллар көлемінде сыйақыны қосымша төлеуі мүмкін. Бұл енді 45 миллиард теңгедей. Өз кезегінде "ҚазМұнайГаз" бұл кен орындарына батыстық инвесторлар ынта-ықылас танытпағандықтан, амалсыз, "Лукойлды" серіктес еткенін жасырмады. Қаламқас-Теңіз, Хазар кен орындары бұған дейін жер қойнауын пайдалану бойынша әртүрлі контрактілер құрамына кірді. Олардың операторлары да әрбасқа болды.
"Қаламқас-Теңіздің операторы – Қашағанды игеріп жатқан NCOC болды. Хазардың операторы – КМОК: оның құрамына "Шелл" және "Оман Ойл" кірген. Бірқатар себеп бойынша кен орындарын игеру ісі созбалаңға салынды. Соның ішінде жақын орналасқан кен орындарын бөлек-бөлек пайдалану экономикалық тұрғыдан орынсыз болды. Ақыр соңында компаниялар оларды игеруге инвестиция салудан бас тартып, учаскелерді мемлекетке қайтарды", – деді "ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Құдайбергенов.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или