"Ажырасып кеттік": танымал әнші отбасында болған жайтты баяндады

«Қуаныш пен Қарлығаш» жұбымен көпшілікке танымал болған әнші Қарлығаш Сұлтанша Instagram желісінде өз өмірінен сыр шерткен жазбасын бөлісті.
Ол күйеуі Қуанышпен алғаш танысқан күндерін еске алып, шаңырақ көтергеннен кейінгі қиындықтарын жасырмай жеткізді.
"Үйленгеніміздің алғашқы жылдары ғой. Қуаныш екеуіміз де жап-жаспыз. Мен үйдің ерке қызымын, Қуаныш кенже ұлы, қара шаңырақта ата-енеге қарайтын келін мен болдым. Бір-бірімізді сүйдік десек те, үйленгеннен кейінгі өмір не болатыны екеуіміздің де миымызға кіріп шықпапты. Қол ұстасып кете берсек, бәрі жақсы болады деп ойлаған болуымыз керек, дүркіреп өткен тойдан соң кикілжің бастала бастады. Ыстық-суық басылған соң әр үйде болатын ыдыс аяқтың сылдыры ғой, бірақ біздің үйде қаттырақ шайқала бастады", – деп жазды ол.
Жас отбасының некесі ұзаққа созылмай, үйленгеннен кейін үш ай өткенде олар екі жаққа кеткен. Әнші сол сәттегі ішкі күйзелісі мен отбасылық өмірге бейімделудің қиын болғанын ашық жазды:
"Мен ешкімнің сөзін елей қоймайтын ерке қыз болатынмын. Басыма орамал тағылса да ол еркелігімді қоя қоймадым. Көп қырсығам, Қуекем қалауымды орындамаса жиі бұртиям. Ал оным үйдің үлкендеріне жақпайды. Жаңа отбасымның жаңа заңдарына көне алмай қойдым".
Ата-ененің салқын қабағы мен жас келінді толық қабылдамауы Қарлығаштың жан-дүниесіне әсер етіп, өзіне сенімсіздік ұялатқан.
"Ата-ененің суық көзқарасы, жас келінді қабылдамауы бар, бәрі әсер етіп кетті. Іштей өзімді жалғыз қалғандай сезіндім, қабылдаған шешімім қателеу болды деп басым қатты. Жанымды ауыртып, энергиямды алып тұрған дүниеден ертерек құтылғым келіп кетті. Ешкімнің сөзін де, сөгісін де, сынын да қабылдамадым да бір ақ күнде шешім қабылдадым. Үйленген соң 3 айдан соң солай Қуанышпен ажырасып кеттік", – деп ағынан жарылды әнші.
Соңғы жаңалықтар





