"Әзіл емес, қорлау": Желіде блогерлердің көше тазалаушыларды кемсіткен видеосы қызу талқыға түсті

18.06.2025 13:00
0
152
видеодан алынған кадр\ stan.kz

Әлеуметтік желіде ер адам мен жүкті әйелдің көше тазалап жүрген әйелдерге дөрекілік көрсеткені түсірілген видео тарады. Бұл туралы POLITICO.KZ  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Пранк екені айтылған видео қатты сынға ұшырап, қоғамда қызу талқыға түсті.

Видеодан ер адам мен жүкті әйелдің көше тазалап жүрген әйелдерге дауыс көтеріп, "киімімді ластадыңдар" деп айыптап, қоқыс лақтырып, кемсітіп жатқанын көруге болады. Бір көше тазалаушы блогерлердің сөзіне шыдай алмай, жылап қалады. Әйелге басқа бір көше тазалаушы әйел араша түседі:

"Сендердің аналарың жоқ па?" – дейді әйел.

Ал ер адам "Біз осы үшін ақша төлейміз" деп, жаңа шалбарын былғап алғанына шағымданып, тағы қоқыс лақтырады.

Кейін бір қыз тәттілер алып келіп, мұның "пранк" екенін айтады. Көше тазалаушыларға "алғыс ретінде" 5000 теңгеден табыстайды.

Видео шамамен 900 мың қаралым жинағанымен, көпшілік блогерлердің әрекетіне теріс пікір білдірді.

"Бұлар танымал болу үшін тіпті кісі өлтіруге де барады. Бұл – әзіл емес, қорлау!", "Масқара! Адамды жылауға жеткізіп, кейін лақтырғандай 5000 теңге беру – нағыз төмен әрекет", "Бұл пранк емес, қатыгездік. Бұл блогерлерді жазалауды талап етеміз!", "Хайп үшін адамдардың көңіл-күйін құртып, моральдық соққы берді", – деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.

Көпшілік егде жастағы әйелдерді моральдық тұрғыдан қорлағаны үшін видео авторларын жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий