Бала күтуші 11 айлық балаға макарон беріп, өлтіріп алды

Ресейде 30 жастағы әйел 11 айлық нәрестенің қазасына себеп болған іс бойынша сот алдында жауап береді. Ол қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетіп, абайсызда баланың өліміне жол бергені үшін айыпталуда. Прокуратура айыптау қорытындысын бекітіп, істі сотқа жолдады.
Айыпталушы 2023 жылдан бастап декреттік демалыста жүріп, ешқандай медициналық білімі мен алғашқы көмек көрсету машығы болмағанына қарамастан, интернет арқылы күтуші қызметін жарнамалаған. Ана бола тұра, ол педиатрлардың қатаң ережелері бойынша бір жасқа толмаған балаларға қатты тағам беруге болмайтынын жақсы білген.
Сәуір айында жас отбасы алғаш рет 11 айлық ұлын осы әйелге қалдырған. Кейін, 3-інен 4 мамырға қараған түні, баланы қайтадан сеніп тапсырған.
4 мамыр күні таңертең күтуші барлық ережелерді өрескел бұзып, нәрестеге қайнатылған макарон берген. Сәбиді диванға жатқызып, өзі басқа бөлмеге кеткен. Шамамен 40 минуттан соң қайта оралғанда, бала тұншығып, көгеріп жатқанын көрген.
Алайда әйел алғашқы көмек көрсете алмаған. Шақырылған дәрігерлер сәбидің асфиксиядан – тағамның тыныс жолын бітеп қалуынан – қайтыс болғанын растады.
Айыпталушы кінәсін ішінара мойындады. Қылмыстық іс Ресей ҚК-нің 238-бабы 2-бөлігі («балаларға арналған қызметтердің қауіпсіздік талаптарына сай келмеуі, абайсызда өлімге әкелу») бойынша Волжский қалалық сотына берілді.
Әйел өзінің салғырттығы мен немқұрайлығы үшін заң алдында жауап бермек.
Соңғы жаңалықтар





