"Балаларды күштеп шығару туралы бұйрықты кім берді?": Заңгер полиция әрекетін сынға алды

21.07.2025 16:51
0
531
Сурет: kazface.kz

Балалар үйін жөндеу - әкімдік үшін жаңа мүмкіндік

Заңгер әрі блогер Ержан Есімханов Алматыдағы балалар үйі тәрбиеленушілерін күштеп көшіру оқиғасына қатысты пікір білдірді.

"Бүгін таңертең елді дүр сілкіндірген Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін күштеп көшіру оқиғасында ең қызығы не екенін білесіз бе? Бұл оқиға шұғыл түрде тоқтатылып, оң шешіммен аяқталды. Ал бұған себеп болғандар дәл сол полицейлер. Қолдарын қайырып, айқайлаған балаларды күшпен шығарып жатқан сол полицейлер. Өйткені олардың әрекеті шектен шықты", — деді ол.

Заңгердің айтуынша, елімізде құқықтық бейберекетсіздік жиі кездеседі. Қоғамдық резонанс та үйреншікті жағдайға айналған. Бірақ дәл осындай жағдайда тіпті Президенттің өзі дереу араласуға мәжбүр болды. Себебі Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі концлагерьлерді еске түсіретіндей көріністі көріп, халық шошыды. Балалардың қолын қайырып, еденде жатқызу бұл барып тұрған сорақылық.

"Кім сол балаларды күштеп көшіру туралы бұйрық берсе, ол үлкен қателік жіберді. Және бұл оның мансабына ауыр соққы болуы тиіс", — деді Есімханов.

Оқиғаның мән-жайына келсек, Алматы қаласындағы №1 балалар үйі Бағанашыл ықшам ауданында орналасқан. Биыл жылдың басында аталған балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшірілетіні туралы ақпарат тарады. Ресми себеп ғимараттың апатты жағдайда екені. Алайда бейресми әңгімелерде бұл жер телімінің қымбат әрі тартымды болғаны себеп деген пікірлер жиі айтылады.

Балалар бұл көшуді қаламады. Бұл түсінікті жағдай: біріншіден, олар елдегі ең ірі қаладан әлдеқайда шағын әрі мүмкіндігі аз қалаға көшпек болды. Екіншіден, балалар үйіне жөндеу жүргізу үшін демеуші табылғаны айтылған. Қысқасы, жыл басында бұл мәселе шешілді делінген. Алматы облысының әкімі тәрбиеленушілерді көшіру болмайды, өйткені бұл балалардың әлеуметке бейімделуіне кедергі келтіреді деп мәлімдеген еді.

Бірақ жағдай кейін мүлде басқаша өрбіді. Ашық талқылаусыз, жасырын түрде көшіру жұмыстары жалғаса берген. Өткен аптада әлеуметтік желілерде көшуді растайтын құжаттар тарады. Ал бүгін таңертең елдің жағасын ұстатқан видеолар жарияланды. Онда бірнеше ондаған полицейдің балаларды күшпен көшіріп жатқаны көрінеді. Біреулердің қолы қайырылып жатыр, біреулер еденде жатыр. Бұл көрініс біздің елімізде, Алматыда болып жатқанына сену қиын.

Осы көрініс қоғамның жанайқайы мен ашуы Президентті тікелей араласуға мәжбүрледі. Президент көшіруге тыйым салып, балалар үйін Алматы қаласының әкімдігіне беруді және шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бірақ бұл бәрі шешілді дегенді білдірмейді. Қаншама маңызды сұрақтар жауапсыз қалды.

Бірінші сұрақ: егер мұндай жағдайға ел Президентінің өзі араласуға мәжбүр болса, демек мемлекеттік аппарат дұрыс жұмыс істемейді. Бұл мәселе аудан немесе облыс әкімі деңгейінде шешілуі тиіс еді. Президентке дейінгі барлық деңгейдегі басшылар өз міндетін атқара алмады.

Екінші сұрақ: балаларды күштеп шығару туралы бұйрықты кім берді? Ол адам мұндай әрекет неге әкелетінін білмеуі мүмкін емес. Ондай адам кем дегенде отставкаға кетуі керек. Өйткені халық полицейлердің балалардың қолын қайырып жатқанына куә болды. Бұл полицияның абыройына ауыр соққы. Енді олар қоғам алдындағы сенімді қалпына келтіру үшін көп жұмыс істеуі керек.

Үшінші және ең маңыздысы: бүгінгі оқиғадан ең көп зардап шеккен балалар. Олар үлкен психологиялық күйзеліске түсті. Қазір Алматыда жаңа әкім бар. Бұл оған өзін көрсетуге таптырмас мүмкіндік. Балалар үйін жедел жөндеп, тәрбиеленушілерге лайықты жағдай жасау сол әкім үшін жақсы бастама болар еді. Барлық қажетті ресурс әкімдікте бар.

Президент бастамасымен осы оқиға бойынша қызметтік тергеу басталды. Ең бастысы оның қорытындысы ашық болуы керек. Өйткені дәл осындай мәселелерді үнсіз, жасырын шешуге тырысу бүгінгі жағдайға әкеліп соқтырды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий