"Балам зәбір көрген": қолына балта алып жүгірген оқушының анасы шындықты айтты
Атырау облысында мектеп оқушысының қатысуымен болған оқыс оқиғаға байланысты балта ұстап жүрген жасөспірімнің анасы мәлімдеме жасады, деп жазады Politico.kz.
Мейіржан Ұзақбайұлының анасы Мәншүк Жиембетованың айтуынша, қоғамға жағдайдың тек біржақты нұсқасы тарап жатыр.
Оның сөзінше, 5 ақпан күні ұлы сабаққа барған. Екінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде ол сыныпта отырған. Бұл сәт мектептің бейнебақылау камераларында сақталғанын, алайда оны түсіруге немесе таратуға рұқсат берілмегенін айтты.
«Баламның жаман қылық жасаған видеосы тарап жатыр. Ал неге оның ешкімге тиіспей, өзімен-өзі отырған сәтін көрсетпейді? Оған сыныптастары куә. Менің балам 2-қабатта оқиды, ал әлгі төрт бала 3-қабатта. Олар арнайы сыныпқа келіп, Мейіржанды дәретханаға шақырып алған. Төртеуіне жалғыз әлі келмеген соң осындай жағдайға барған», – дейді анасы.
Мәншүк Жиембетованың айтуынша, ұлы бұған дейін мектеп ауыстырғысы келетінін айтқан. Алайда нақты кімнен қысым көргенін ашып айтпаған. Анасы бірнеше рет буллинг немесе ақша талап ету жағдайы бар-жоғын сұрағанымен, баласы үндемеген.
«Балам сабаққа барғысы келмейтін. Біз қинап жіберіп жүрдік. Бір күні “анашым, сіз мені сабаққа бара бер дейсіз, бір күні басқаша жағдайда келсем не болады?” деген еді. Мен оны жаманға жорымадым. Ақырында жаман атақ менің балама жапсырылды. Егер әлгі төрт бала оның сыныбына келмесе, бұлай болмас еді», – дейді ол.
Анасының сөзінше, ұлының әрекеті белгілі бір балаларға ғана бағытталған.
«Менің балам ауру емес. Дәлізде басқа балалар жүрді, кішкентай қыздар мен ұлдар болды. Егер ауру болса, неге оларға тимеді? Тек сол төрт баланың артынан жүгірді. Демек, қатты намысына тиген», – дейді анасы.
Сонымен қатар ол төрт балаға қарсы арыз-шағымы жоқ екенін айтып, балалардың бір-біріне кек сақтамауын қалайтынын жеткізді.
«Балалар бір-біріне өшікпесін. Алып-қашпа сөзге сенбеңіздер», – деді Мәншүк Жиембетова.
Соңғы жаңалықтар