Баланы ұрған экс-шенеунік 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді

Алматы қаласының Медеу аудандық соты қалалық қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшесі Александр Беляновқа қатысты үкім шығарды. Ол алты жасар баланы ұрып-соқты деп танылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Биыл маусым айында интернетте ересек ер адамның Алматыдағы мейрамханалардың бірінің ойын бөлмесінде 6 жасар баланы екі рет ұрғаны түсірілген видео тараған болатын. Видео авторларының айтуынша, оқиға 2025 жылдың 4 мамырында болған.
Кейінірек жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова баланың кеуде қуысынан жарақат алып, ауыр психологиялық соққы алғанын мәлімдеді. Видеодағы адам Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Александр Белянов екені анықталды.
Видео ғаламторда тарағаннан кейін Белянов оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан. Ол өз ұлын қорғау мақсатында әрекет еткенін алға тартты. Оның сөзінше, жәбірленуші бала басқа балалармен бірге оның ұлына доптар мен ағаш текшелер лақтырып, оны жылатқан және ескертулерге құлақ аспаған.
Адвокат Жанна Оразбақованың хабарлауынша, 26 қыркүйекте Медеу аудандық соты қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшесін ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы, 2-бөлігі, 8-тармағы, яғни «Кәмелетке толмағанға қатысты ұрып-соғу» бойынша кінәлі деп тапты. Оған жаза ретінде 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды.
Сонымен қатар, сот Беляновты баланың емделуіне кеткен шығындарды, моральдық зиянды және адвокаттың қызмет ақысын өтеуге міндеттеді. Жәбірленуші баланың анасының адвокаты ер адамның видеожазбаға, куәгерлердің айғақтарына және сарапшылардың қорытындыларына қарамастан, өз кінәсін мойындамағанын атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





