Баласы "ұрып" өлтірген зейнеткердің ісіне қатысты тың дерек шықты

Түркістан облысында көпшіліктің назарын аударған қайғылы оқиғаға байланысты тергеу жалғасуда. Қоссейіт Садақбаев ауылында 73 жастағы Есіркеп Садықбекұлының қазасынан кейін оның денесі эксгумацияланып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, марқұм 2-нен 3 қыркүйекке қараған түні көз жұмған. Ол соңғы күндері дәрігерлердің бақылауында «жүрек гипертензиялық ауруы» мен «омыртқа остеохондрозы» диагнозымен болған, алайда өмірден өткенге дейін ешқандай жарақатқа қатысты шағым білдірмеген. Басқарманың ресми түсіндірмесінде марқұмның туыстары өлім жағдайын дер кезінде хабарламағандықтан, медициналық құжаттар уақытында рәсімделмегені айтылған. Қазір сот-медициналық сараптама жүріп жатыр, нақты қорытынды кейін белгілі болады.
Аталған іске байланысты марқұмның ұлына қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын салу» бабы бойынша іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, оның жұбайына қатысты «Топ болып жасалған ұрып-соғу» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан кейін қоғамда үлкен резонанс тудырды. Видео кадрларында ер адамның өз әкесін ұрып жатқан сәті түсіп қалған, ал жанындағы әйелі ешқандай әрекет жасамаған. Оқиға көп ұзамай қарияның қайғылы қазасымен аяқталды.
Соңғы жаңалықтар





