«Әйел әлі тірі еді» Ақтөбедегі Неке сарайының басшысы сол күнді еске алды

«Әйел әлі тірі еді» Ақтөбедегі Неке сарайының басшысы сол күнді еске алды
Фото Tengrinews.kz

Ақтөбеде 26 жастағы әйел қаза тапқан Неке сарайы оқиғадан кейін де жұмысын тоқтатпаған. Ал мекеме қызметкерлері әйелге шабуыл жасалғанын бірден түсінбеген. Олар тек балалардың жылаған дауысын естіген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөлімінің басшысы Айнұр Орынбасарова Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді.

3 қарашада Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы әйелге шабуыл жасалып, ол қаза тапқан. Полицияның алдын ала мәліметінше, күдікті оның бұрын бірге тұрған ер азаматы. Екеуінің арасында ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал шыққан. Ер адам ұсталды.

Оқиғадан кейінгі күні журналистер Әбілқайыр хан даңғылындағы Неке сарайына барған. Қайғылы жағдайға қарамастан, мекеме әдеттегідей жұмыс істеп тұрған. Қызметкерлер кабинеттерінде отыр, келушілер кезек күтіп жүр.

АХАТ бөлімі екі қабатты ғимараттың екінші қабатындағы бір қанатта орналасқан. Ал бірінші қабатта дәмханалар мен дүкендер бар. Ғимараттағы орынжайлардың бәрі жалға беріледі.

Айнұр Орынбасарованың айтуынша, Неке сарайының жеке күзет қызметі жоқ. Күзетшілерді ғимарат әкімшілігі жалдайды.

«Біз жалға алынған ғимаратта отырмыз. Күзет бар, бірақ оны ғимарат әкімшілігі жалдайды. Күзетшілер зейнет жасындағы адамдар. Біздің бөлімде 16 қызметкер жұмыс істейді. Екінші қабаттың бір қанатын ғана алып отырмыз. Жалпы аумағы 500 шаршы метр», – деді ол.

Бөлім басшысының кабинеті дәліздің соңында орналасқан. Есігі әдетте ашық тұрады. Соған қарамастан, қызметкерлер шабуыл алдында ешқандай айқай-шуды естімегендерін айтады.

«Біз тек әйелдің балалары жылағанын естідік. Ол балаларымен бірге келген. Басқа ешқандай шу болған жоқ. Оқиғадан кейін бірден полиция мен жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер келген кезде әйел әлі тірі еді. Күдікті де сол жерде болды», – деді Айнұр Орынбасарова.

Әйелдің нақты қай жерде, ауруханада ма, әлде оған жетпей көз жұмғаны әзірге ресми түрде нақтыланбаған.

АХАТ басшысының сөзінше, қайғылы оқиғадан кейін де мекеме жұмысын жалғастырып, келушілерді кешкі сағат 17:30-ға дейін қабылдаған. Ал қызметкерлердің болған жағдайдан кейін қорқып қалған-қалмағаны туралы сұраққа ол жауап бермеген.

Қазір полиция қылмыстың мән-жайы мен себебін анықтап жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел мен күдіктінің арасындағы жанжал Неке сарайында ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты туындаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу