Бас прокуратура Нұрбол Назарбаевтың активтерін тексеріп жатыр
Қазақстанның Бас прокуратурасы Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың активтерін тексеріп жатқанын растады. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов депутат Ринат Зайытовтың сауалына берген ресми жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бас прокурордың жауабында Нұрбол Назарбаевтың активтері заңсыз иемденілген мүлікті қайтару жөніндегі уәкілетті органның жұмысына енгізілгені айтылған. Алайда, заң талаптарына сәйкес құпиялылықты сақтау қажеттігіне байланысты нақты деректер жария етілмейді.
Жалпы, активтерді қайтару жөніндегі комиссияның жұмысы нәтижесінде 2025 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша шамамен 1,3 триллион теңге сомасына шаралар қабылданған. Оның ішінде 750 миллиард теңгеге жуығы мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтарылса, 103 миллиард теңге сомасындағы мүлік заттай түрде берілген, ал тағы 112 миллиард теңге мәжбүрлі түрде қайтарылған. Қайтарылған қаражат әлеуметтік нысандарды салуға бағытталуда: 400-ден астам нысан жоспарланса, оның 68-і қазірдің өзінде салынған.
Бас прокурордың жауабында сот шешімімен Нұрбол Назарбаевтың шамамен 57 миллиард теңге сомасындағы активтерінен айырылғаны, оның шоттары бұғатталғаны және кірістері мен мүлкіне билік ету құқығынан айырылғаны да атап өтілген.
Алайда, прокуратура Назарбаевтар отбасына қатысты базарлар мен жерлерді, соның ішінде «Алтын Орда» базарын рейдерлік жолмен басып алу туралы ақпаратты әзірге растамады. Депутаттың активтерге толық түгендеу жүргізу туралы сауалы есепке алынып, заңсыз иемденуге қарсы әрекет ету және меншікті қайтару бойынша одан арғы жұмысқа ықпал ететіні айтылған.
Сонымен қатар, Нұрбол Назарбаевпен байланысты компаниялардың, соның ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бірнеше ірі жылжымайтын мүлік нысандары мен жер учаскелерінің тексеру және тарату сатысында екені белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, Нұрбол Назарбаевтың активтерін қайтару процесі 2025 жылы депутаттық сауалдан кейін, оның мүлкін иемденуінің заңдылығына қатысты тергеу басталған кезде қолға алынған болатын.
Соңғы жаңалықтар