"Басын тура екіге жарып жіберген": Астанада басына оқ тиіп қаза тапқан сарбаздың ісі қайта қаралады

17.10.2025 11:06
0
808

Астанада басына тиген оқтан көз жұмған сарбаздың ісі қайта қаралады. Қайғылы оқиға болғанына екі жыл өтсе де, марқұмның анасы ұлының өз-өзіне қол салғанына сенбейді. Іс екі рет сотта қаралғанымен, кінәлілер анықталмаған. 21 жастағы Қайсар Сұлтановтың туыстары істі қайта тергеуге қол жеткізіп, ұлдарының өлімін мұқият зерттеуді талап етіп отыр деп POLITICO.KZ хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап. 

Сәуле Тілеубергенова екі жылдан бері ұлының өліміне қатысты әділ тергеу жүргізу үшін барын садып келеді. Айтуынша, ұлының денесінде сау жер болмаған. Жарақаттар басын тура екіге жарып жібергендей болған. Ал қолында, аяғында және бетінде сызаттар мен көгерген іздер болған.

"Оқ атылған қару – АК-74 автоматы. Бірінші оқ атылғанда тілі, таңдайы, маңдай тұсы, миының бір бөлігі мен бас сүйегі зақымданған. Алты минуттан кейін екінші оқ атылған. Оқ екі рет атылған. Ұлымның аяғында, тізесінде, қолында сызаттар болған. Көзінің астында да жара іздері бар еді", – дейді марқұмның анасы.

Марқұмның анасы ұлын қайғылы жағдайдан бір күн бұрын көргенін және ештеңеден күмәнданбағанын айтты. Әйелді оқиға орнындағы жайттар да ойландырады. Айтуынша, терезенің үстінде қан іздері болған. Ал оны біреу сүртіп, тазалауға тырысқан дейді.

"Терезе алдындағы қан іздері сүртілген. Тергеушілер мұны "ол есінен танып, шынтағымен сүйеніп, байқамай өшіріп жіберген" деп түсіндірді. Баламның формасын айғақта арасынан алып көрсетуді сұрадым. Сол жақ жеңі тап-таза болды", – дейді марқұмның анасы.

марқұм сарбаз

Анасының айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Қайсар әкімшілік ғимаратта кезекшілік атқарған. Төменгі қабатта тағы бір сарбаз болған. Бір сәтте барлық әскерилерді сыртқа шығарып, басқа корпусқа бағыттаған. Ал Қайсарды жалғыз кезекшілікке қалдырған.

"Наряд бастығы Оспанов ұлымның жанына бармаған, не рациямен хабарласпаған. Ол ғимаратқа кіргенде бірінші қабаттағы сарбаздан ғана "бәрі дұрыс па?" деп сұраған. Сол сарбазбен бірге екінші қабатқа қарай бет алған, бірақ жолда тоқтап, басқаларын сыртқа шығарып жіберген. Бұл жоспарланған кісі өлтіру. Ол қылмыскерлерге қашып кетуге мүмкіндік берген", – дейді марқұмның ағасы. 

Еске салайық, қайғылы оқиға екі жыл бұрын елордадағы 6636 әскери бөлімінде болған. 21 жастағы Қайсар Сұлтанов ант қабылдағаннан кейін төрт ай өткен соң қызмет барысында қаза тапқан. Іс екі рет сотта қаралып, ресми түрде "өз-өзіне қол жұмсау" деп танылған. Алайда қорғаушылар тергеуде көптеген қайшылықтар бар екенін айтады.

"Бірінші оқ атылған. Басының жартысы жоқ, миы түгел зақымданған. Ал тергеу нұсқасы бойынша ол алты минуттан кейін өзіне екінші рет оқ атқан. Бұл – мүмкін емес. Бұл физикаға да, биологияға да, жалпы өмір заңдылығына да қайшы. Біз істі Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша қайта тергеуді талап етеміз. Сондай-ақ өлімді жасырып, істі бұрмалағандарды да анықтап, жауапқа тарту қажет", – дейді заңгер Инга Иманбай. 

Қазір тергеу "өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" бабы бойынша қайта жанданды. Алайда марқұмның отбасы бұл жолы да іс нақты ашылмай қала ма деп қауіптенеді. Олар істі "кісі өлтіру" бабына ауыстырып, тергеуді ерекше бақылауға алуды сұрап отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий