Батыс Қазақстанда 7 бас дәрігер пара алды деген күдікпен ұсталды
Батыс Қазақстан облысында 7 бас дәрігер пара алды деген күдікпен ұсталған соң өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев қызметінен шеттетілді. Бұл туралы "Орал Апталығы" басылымына сілтеме жасап Politico.kz хабарлайды.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің арнайы өкімімен Мадияр Өтешев өз міндеттерін атқарудан 1 айға босатылды. Бұған сәуір айының соңында аймақтағы бірнеше медициналық мекеме басшыларының ұсталуы тікелей себеп болған. Олар мердігерлерден жүйелі түрде пара алды деп айыпталып отыр.
Күдіктілердің қатарында облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері мен №1 және 6-емханалардың директорлары бар. Сонымен қатар Жәнібек, Қаратөбе, Теректі және Дарьиян аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері де ұсталған. Таралған ақпаратта олардың ірі жеке зертхана мен өзге де жеткізушілерден "қамқорлығы" үшін тұрақты түрде ақшалай сыйақы алып тұрғаны айтылады.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, ұсталған медицина қызметкерлерінің барлығы кінәсін толық мойындаған. Осыдан кейін тергеу соты оларға қатысты үй қамағына алу немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Бір қызығы, бұл азаматтардың ешқайсысы әлі күнге дейін отставкаға кеткен жоқ.
Олар бұрынғыша өз лауазымдарын атқаруды жалғастырып жатыр, бірақ мекеме қаржысын басқару құқығынан толықтай айырылған.
Соңғы жаңалықтар