Бауыржан Исаев: Төрт тыңдарман үшін де сахнаға шықтым

Қазақ эстрадасының танымал өкілі Бауыржан Исаев шығармашылық жолындағы қиын сәттер туралы ашық айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әншінің айтуынша, 2015 жылы ол небәрі 9 адам жиналған концерт өткізген. Бұл кезде оның кәсіби сахнада жүргеніне 19 жыл болған еді. Соған қарамастан, ол залдағы аз ғана көрермен үшін 1,5 сағаттық бағдарлама орындаған.
«Бұл – күлкілі жағдай емес. Өнер адамы үшін залдың бос болуы өте ауыр. Бірақ мен сахнаға шықтым. Жақында Алматы облысында өткен кешке 4 адам ғана келді. Сол төртеуі үшін 1 сағат бойы ән салдым», – дейді әнші.
Ол мұндай жағдай тек өзіне ғана емес, басқа әріптестеріне де таныс екенін жеткізді.
«Кей әртістер ауылдарға барып, жарнама жасап, билеттерін кассаға қалдырып жатады. Бірақ халық келмейді. Кейде жұрт «анау неге көрінбей кетті?» дейді, бірақ концертке бармайды», – деп қынжылды Исаев.
Сондай-ақ ол шығармашылық жолындағы маңызды кезеңнің де жақындап қалғанын айтты. Келер жылы сахнада жүргеніне 30 жыл толмақ. Осы мерейтойға орай әнші үлкен концерт өткізуді жоспарлап отыр.
«Кейде 1-2 жылда өнерден кететін шығармын деген ой келеді. Бірақ 30 жылдық мерейтойымды өткізбей кеткім келмейді. Сол концерттен кейін нақты шешім қабылдаймын», – деді Бауыржан Исаев.
Соңғы жаңалықтар




