"Баяғы ұзақ тостан басқа ештеңе жоқ". Қазақстандық 20 жыл тойға бармаған

04.09.2026 18:48 Томирис САҒЫНДЫҚ
125
Фото: видеодан скриншот

Дін мен дәстүр сабақтастығы, деструктивті ағымдардың ықпалы және отбасылық құндылықтардың өзгеруі қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Бұрын кейбір діни көзқарастардың жетегінде болып, кейін өз ұстанымын қайта қараған азаматтардың жеке тәжірибесі бұл мәселені тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. «Жәрдем Атырау» қоғамдық қоры ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Қуаныш Әділдиев дәстүр мен діни ұғымдарды зерделеу барысындағы өмірлік тәжірибесін бөлісті.

Бұл туралы Қуаныш Әділдиев Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына берген сұқбатында әңгімеледі.

Ұлттық салтымыз бен ата-бабадан келе жатқан әдет-ғұрыптардың шариғатпен байланысы туралы айтқан сарапшы бұрынғы ұстанымдарының білімсіздіктен туындағанын атап өтті.

«Осы ғұрып, салтымызға қатысты мәселелер бойынша — қазір де олар солай ойлап жүрген шығар, мен де солай ойлағанмын — мұны діннен емес, бір жат нәрсе деп білдім. Кейін өзім де бұны зерделеп келген адаммын ғой. Тек қана «ұстазым мәзхабқа еру керек» дегенге еріп кеткен адам емеспін, оң мен солды, соның ішінде сыни көзқараспен қараған адаммын. Сол кезде де осы ғұрып мәселесі, шариғаттан келе жатқан әдет-салтымыз, ата-бабаларымыздың бәрін шариғатпен ұштастырғанын көргенде, бұрын айтқанымдай, білімсіздіктің білімсіздігі екенін түсіндім», — деді Қуаныш Әділдиев.

Осы идеологияда жүрген кездегі қорқыныш пен отбасы алдындағы жауапкершілік туралы сөз қозғаған ол ұзақ жылдардан кейін жиын-тойларға қатысу тәжірибесін сипаттап берді.

«Беташарды «ширк» деп айтқан жоқпын, бірақ 2006 жылдан бері тойға барған жоқпын. Жақында бір бауырым үйленді, соның тойына бардым. Арада 20 жылдай уақыт өтіпті. Ештеңе өзгермеген, сол 2000-шы жылдардағыдай ұзақ тост айту болды, басқа ештеңе жоқ. Бірақ өзім де айтып жатырмын: сонша жылдан кейін бардым, яғни сол идеологияда жүріп «той – харам, баруға болмайды» деген нәрсе болған жоқ. Ол кезде, әрине, отбасымызға жауапты болған соң: «тозаққа түсіп кетеміз бе, харам істесек азап болады ма, діннен шығып кетеміз бе» деген сияқты қорқыныш болды. Балалар ол кезде кішкентай еді, қазір үлкені 15-те. Жолдасыма: «бұлай жүрмейіз, бұлай жасаймыз» деп айтатын болдық», — деді Қуаныш Әділдиев.

Сонымен бірге Қуаныш Әділдиев отбасындағы киім кию үлгісі мен ниқаб тағуға қатысты көзқарасының қалай өзгергенін және бұл шешімнің шариғат талаптарын қайта зерделеу нәтижесінде қабылданғанын айтты.

«Ниқаб мәселесі — ол мен мәзһабқа келмей тұрып-ақ шешіп алған нәрсем болды. Ол сұрақ шариғат шеңберінде шешілді. Бұрын «на эмоциях», «көпшілік тағып жатыр» деп таққызғанбыз, ол — ақиқат. Жеке өзім басқаларды білмейтұғын шығармын, солай таққызған екенмін. Ал 2017 жылы ниқаб мәселесін, жалпы әйелдің беті әурет пе, әурет емес пе деген мәселені зерделеп, ашып қараған кезде әйелдің беті мен қолы әурет емес екенін көріп, әйеліме барып айттым. Осы жерден бастап таңдау өзіңде: «шешемін десең де, шешпеймін десең де» дедім. Жұбайым ұзақ уақыттан бері тағып келгендіктен, бірден «шешемін» деп айта алмады. Бірақ, Аллаға шүкір, жақын уақыттарда келіп, осы жылдың басында шешетінін айтып, сөйтіп біртіндеп үйренісіп келе жатыр», — деді Қуаныш Әділдиев.

Войдите, чтобы оставить комментарий