Баян Алагөзова: Анам әкеме тік қарап сөйлеуге рұқсат бермейтін
Танымал продюсер Баян Алагөзова марқұм әкесімен қарым-қатынасы, отбасындағы тәрбие мен әке беделі туралы естеліктерін бөлісті. Өнер иесі балалық шағында қалыптасқан отбасылық қағидалар мен әкеге деген құрметтің өз өміріне қалай әсер еткенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Баян Алагөзова бұл туралы Аман Тасығанмен болған сұқбатта әңгімеледі.
Продюсердің айтуынша, отбасында әкенің орны әрдайым биік болған және оның сөзі талқыланбайтын заң ретінде қабылданған.
«Әкем өмірден өткенде: «Көзі тірісінде оған бәрін айта алдым ба?» деген сұрақ туындады. Өкінішке қарай, жоқ. «Егер ол қазір қайтып келсе, онымен ашық сөйлесер ме едім?» деп өзімнен қайта сұрадым. Тағы да «жоқ» деп жауап берер едім. Өйткені біздің әкемізбен қарым-қатынасымыз өте дипломатиялық шеңберде болды. Мен ішімде не болып жатқанын ашып айта алмайтын едім. Бірақ ол бәрін сезетін, өте нәзік жанды адам еді. Сонымен қатар анамыз бізді «әке — ол талқыланбайтын беделді тұлға» деген түсінікпен өсірді. Ол мен үшін әрдайым биік мінберде тұратын Ленин сияқты еді. Мен оны әрдайым солай елестететінмін. Анамыз бізге: «Әкеңе қарағанда тіке қарама, сәл төмен қара» деп айтатын. Сондықтан бала кезден онымен осылай сөйлестім, әкемнің көзіне тура қарамайтынмын», — деді Баян Алагөзова.
Баян Алагөзова отбасындағы қатал ережелерге қарамастан, бұл тәртіптің бүгінгі өмірінде де сақталғанын және оның ұрпақ тәрбиесіне деген көзқарасын қалай өзгерткенін тілге тиек етті.
«Мен феминист болып, әйелдер құқығы үшін күресіп жүрсем де, әкем біз үшін бұлжымас авторитет болды. Егер әкем бірдеңе айтса, ешкім ешқашан «қаламаймын», «қолымнан келмейді» немесе «сіздікі дұрыс емес» деп айтпайтын. Әкемнің айтқаны — біздің отбасылық Конституциямыз, заңымыз еді. Әкем қатал адам болған жоқ. Бірақ анамыз біздің бойымызға «әкенің көзіне қарауға, оның алдында артық сөз айтуға, қатты күлуге немесе одан бұрын дастарқанға отырып, тамаққа қол созуға болмайды» деген ұғымды сіңірді. Мен қазірге дейін бұл әдетті күйеуіммен де ұстанамын: ол бірінші тамақтан ауыз тигенше күтіп отырамын. Осының бәрі балалық шақтан қалған. Сондықтан әкеме деген шексіз құрмет пен тағзым болды. Бірақ бұны толықтай дұрыс деп есептемеймін. Енді кенже балаларымды әкесімен сөйлесуге, ойын, не ұнайтынын немесе ұнамайтынын ашық айтуға үйретемін», — деді продюсер.
Сондай-ақ медиа өкілі әкесімен арадағы мейірім мен сезімді білдірудегі шектеулер, сағыныш пен бүгінгі ішкі тебіреністері туралы да ашық айтты.
«Әкем мені ешқашан тізесіне отырғызбаған, құшақтамаған. Әкем тарапынан болған ең үлкен нәзіктік — маңдайымнан сүйіп, «қызым» деп иіскеуі еді. Бүкіл өмірімде бұл жағдай шамамен бес-ақ рет болған шығар. Мен әрбір сәтті, оның жанасуын, «қызым, қалайсың?» деп иіскегенін ұмытпаймын. «Қызым» деген сөз ол кісінің ең жылы, еркелету сөзі еді. Егер уақытты кері қайтару мүмкіндігі болса, кішкентай қызға айналып, әкемнің тізесіне отырып, құшақтап, иығына асылып, жанынан шықпас едім. Анамыз бізге бұлай істеуге рұқсат бермейтін. Дегенмен, қазір қайтып келсе де, оған ештеңе айта алмас едім. Ол баяғыша біз үшін биік мінберде тұрар еді. Әкемді өте қатты сағынамын. Ол түсіме өте жиі, дерлік күн сайын кіреді. Түсімде оған ішімде айтылмай қалған сөздерімді айтып жатамын. Жақында ғана түсімде әкем қасыма келіп, маңдайымнан сүйіп, «Рух» деп айтты», — деді Баян Алагөзова.
Соңғы жаңалықтар