Баян Алагөзова: Дәулетін бөліскісі келмейтін байларды түсінбеймін
Продюсер Баян Алагөзова белгілі актриса Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлауының негізгі себебін түсіндіріп, бұл әрекетін пиармен байланыстырғандарға жауап берді. Оның айтуынша, бұл қадам қоғамдағы өнер ардагерлерінің әлеуметтік жағдайына назар аударту және ауқатты азаматтарды қайырымдылыққа үндеу мақсатында жасалған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Баян Алагөзова Аман Тасығанға берген сұқбатында әңгімеледі.
«Бұл әрекетімді пиар үшін жасаған жоқпын. Біріншіден, Меруерт Өтекешованың баспанасы жоқ екені көпшілікке жария болды. Екіншіден, арамызда тұрмыстық жағдайы нашар өнер иелері өте көп. Мен өз әрекетім арқылы басқаларға үлгі көрсеткім келді. Елімізде, аймақтарда жағдайы бар, бай адамдар өте көп, бірақ олар неге екені белгісіз, бөліскісі келмейді. Мен ондай адамдарды түсінбеймін. Егер сенде мүмкіндік болып тұрса, неге өзгеге қол ұшын бермеске? Адам қанша бай болса да, бір уақытта он көйлекті қабаттап кие алмайды немесе бір ішкенде алты табақ көжені жеп қоя алмайды ғой. Тапқан дүниеңді өзіңмен бірге алып кете алмайсың. Сондықтан мүмкіндік болса, мұқтаждарға бөлісу керек», — деді Баян Алагөзова.
Сонымен қатар ол мәдениет саласында жылдар бойы еңбек еткен аға буын өкілдерінің зейнетке шыққаннан кейінгі қаржылық қиындықтары мен табыс деңгейінің төмендігін сөз етті.
«Мәдениет саласында 30-40 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққанда үйсіз-күйсіз, тар ақшаға қарап қалған әртістеріміз қаншама. Зейнетақысы 150-200 мың теңге, оның өзі коммуналдық төлемдерден артылмайды. Оларға неге көмектескеске? Мен мұны атымды шығару үшін емес, «жағдайымыз келсе, өзгелерге көмектесейік» деген азаматтық үндеу ретінде жасадым. Осыны көріп, басқа да мүмкіндігі бар жандар сабақ алса екен дедім», — деді ол.
Бұдан бөлек, продюсер өнер адамдарының арасында көмек сұрауға ары жібермейтін азаматтардың бар екенін айтып, қоғам мен жақындарын ардагер тұлғаларға жанашырлық танытуға шақырды.
«Арамызда табиғатынан ұяң, сұрануға арланатын өнер иелері де өте көп. Қанша жерден Халық әртісі, Еңбек сіңірген қайраткер болса да, біреуден көмек сұрай алмайды. Талантты болу — пысық немесе арсыз болу деген сөз емес. Солардың жағдайын білетін жақындары, әріптестері болса, елге жеткізіп, көмектесуге мұрындық болса деймін. Біз бәріміз адамбыз, өнерге еңбегі сіңген тұлғаларымызға жанашырлық таныту — ортақ парызымыз», — деп түйіндеді Баян Алагөзова.
Соңғы жаңалықтар