Баян Алагөзова: Қызым ағылшын тілін білмейтін жігітпен араласпайды

23.09.2026 17:07 Томирис САҒЫНДЫҚ
Баян Алагөзова: Қызым ағылшын тілін білмейтін жігітпен араласпайды
141
Фото: instagram.com/bayanmaxatkyzy/?hl=ru

Продюсер Баян Алагөзова қызы Айарудың болашақ өмірлік серігіне қойылатын талаптары мен қазіргі білімді жастар арасындағы отбасын құру мәселесі туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, жастар арасындағы әлеуметтік және интеллектуалдық алшақтық отбасылық түсініспеушіліктерге себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Баян Алагөзова Аман Тасығанмен болған сұқбатта айтты. 

«Меніңше, ең кем дегенде ол мені өзінің жігітімен таныстырады. Әрине, әрине! Былайша айтқанда, бетпе-бет танысып, сый-сипатын бағамдаймыз. Мен оған мұндай кеңестер бермеймін, себебі ол — өзін-өзі дамытқан өте ақылды қыз. Сондықтан өзіне сай келетін азаматқа тұрмысқа шыққан дұрыс екенін өзі де жақсы түсінеді. Халықта «тең-теңімен» деген сөз тегін айтылмаған. Мұның маңызы өте үлкен. Әлеуметтік алшақтық үлкен болса, ол отбасында әрдайым үлкен түсініспеушіліктер мен жанжалдарға алып келеді. Ол мұны анық ұғынады деп ойлаймын. Әрі оның айналасында да негізінен әлеуметтік мәртебесі жоғары, білімді жастар жүреді. Мысалы, ол гольф ойынына өте қатты қызығады. Тек үстіртін емес, бұл спортпен терең әрі белсене айналысады. Ал гольф — жағдайы төмен емес адамдардың ойыны. Ол жерде ол кімді кездестіреді? Әрине, бұл спортқа қызығатын өзі сияқты жастарды жолықтырады», — деді Баян Алагөзова.

Сондай-ақ медиа-продюсер қызының өмірлік серігін таңдаудағы интеллектуалдық және мәдени деңгейге қатысты критерийлеріне тоқталды.

«Сонымен қатар, ол орташа чегі жоғары, өте жақсы орындарға барады. Ал ондай жерлерге де деңгейі дәл сондай адамдар жиналады. Сондықтан Айару ең құрығанда ағылшынша сөйлей алмайтын жігітпен араласпайды деп ойлаймын. Ондай жігітпен әңгімесі де жараспайды. Мұның өзі — оның ең төменгі талабы. Ал жоғары талаптарына келсек, ол жігіт Айару сияқты Моэм, Толстой, Достоевский және басқа да әлемдік жазушылардың шығармаларын оқыған болуы тиіс. Себебі ол өте білімді әрі жан-жақты. Жігіт кем дегенде гольф ойнай алуы, шаңғы тебе білуі қажет, өйткені Айарудың өзі бұл спорт түрлерін өте жақсы меңгерген. Яғни, олардың ортақ қызығушылықтары болуы керек. Ол жігіт әлемдік мұражайларда болып, сол туралы ой бөлісе алуы тиіс, себебі Айару ол жерлерде болған және бұл ол үшін өте қызықты. Ол классикалық музыка туралы пікір алыса алуы қажет, өйткені Айару классикаға өте ынтық. Ал қарапайым жігіт Стравинскийдің, Моцарттың, Бахтың, Бетховеннің немесе Ростроповичтің кім екенін біле бермейді. Айару болса олардың бәрін таниды әрі осы салаға терең қызығады. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, ол қандай жігітпен араласуы керек? Ең болмағанда өзіне тең адаммен араласады!» — деді ол.

Баян Алагөзованың пайымдауынша, қазіргі таңда жан-жақты дамыған жастар үшін өмірлік серік табу мәселесі күрделене түскен.

«Қарапайым жігіттермен, әдетте, тіл табыса алмайды. Ол «Қай авторды ұнатасыз?» деп сұрай салысымен, әңгіме сонымен аяқталады. Ол орнынан тұрады да, кетіп қалады. Сондықтан, оның жағдайында тым білімді болу да жігіттер үшін үлкен кедергі болып отыр. Меніңше, өмірлік серік таңдау қиын, әсіресе білімді әрі жан-жақты дамыған жастар үшін тіпті күрделі. Мен талаптары сәл жоғарылаған көптеген қыздарды білемін, өйткені олар абьюздің не екенін, білімнің маңызын жақсы түсінеді. Тұрмыс құру деген сөз — тек отбасылық міндеттер емес, одан кейін де бір-бірімен рухани сөйлесе білу екенін ұғады. Олардың ортақ қызығушылықтары болуы тиіс, ер азамат балаға дұрыс тәрбие бере алуы, үлгі болуы және жақсы әке атануы керек. Қазіргі дамыған жастардың көзқарасы осындай. Әрине, өзін дамытпайтын, бойкүйез жігіттер ешкімге де керек емес. Өкінішке қарай, ондай жігіттер қазір өте көп», — деді Алагөзова.

Войдите, чтобы оставить комментарий