Бектенов СҚО-дағы шаруалардың жұмысын тексерді

05.06.2026 15:43 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Бектенов СҚО-дағы шаруалардың жұмысын тексерді
66
Фото: primeminister.kz

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған үкімет басшысы Олжас Бектенов президент тапсырмасының орындалуын бақылап, аймақтағы ірі сүт фермалары мен егіс алқаптарын аралады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бүгінде елдегі өңделген сүттің алтыдан бір бөлігін қамтамасыз етіп отырған СҚО осы көрсеткіш бойынша республикада екінші орында тұр.

Сапар барысында премьер-министр Есіл ауданындағы «Атамекен-Агро-Корнеевка» серіктестігінің цифрлық тауарлы сүт фермасына барып, шетелден әкелінген асыл тұқымды мал басымен танысты. Кәсіпорын басшысы Александр Фадеевтің айтуынша мұнда 2,5 мың ірі қара бар болса, оның 1,3 мыңы сауын сиыр саналады.

Германия, Дания және Нидерланд елдерінен жеткізілген голштин-фриз тұқымды сиырлардың Қазақстан климатына бейімделген алғашқы 300 басы биыл күзде жергілікті шаруаларға сатылмақ. Фермада сиыр сауу және табынды басқару процестері толық автоматтандырылған, ал кәсіпорын жыл басынан бері 3 мың тонна өнім жинап үлгерген.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов өңірде барлығы 118 тауарлы сүт фермасы мен жылына 600 млн жұмыртқа беретін 9 құс фабрикасы жұмыс істейтінін жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда былтыр мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 208 млрд теңгеге жетіп, ет пен сүт өндірісі айтарлықтай артқан. Үкімет басшысы өз кезегінде мұндай жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтатынын еске салып, ветеринария саласына ерекше назар аударуды тапсырды.

«Бүгінгі таңда эпизоотиялық жағдай қолайлы болып отыр, соңғы үш жылда біздің өңірде бруцеллез 12 есе азайды. Биыл республикалық бюджеттен 57 ветеринариялық пункт пен 2 ветеринариялық станса салуға 1,8 млрд теңге бөлінді», — деді Марат Тасмағанбетов.

Сонымен қатар аймақта ауыл тұрғындарын заманауи технологияларға тарту мақсатында 13 креативті IT-орталық ашылған, ал жыл соңына дейін тағы 11 нысан іске қосылмақ. Облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қазіргі уақытта 3 мыңнан астам адам цифрлық дағдыларды меңгеріп, өңірде жаңа Digital Qyzyljar IT-паркін құру жоспарланып отырғанын баяндады.

Мұнан кейін Олжас Бектенов «Қызылжар Жем» серіктестігінің алқабына барып, көктемгі егіс науқанының қорытындысын байқады. Кәсіпорын директоры Данияр Анафин биыл франциялық Calixo атты жұмсақ бидай сұрпын себу жоспарланғанын айтты. Бұл сұрып ерте пісетіндіктен әрі гектарынан 60 центнерге дейін өнім беретіндіктен жергілікті климатқа өте қолайлы саналады. Жалпы жиында үкімет басшысы фермерлерді егіс науқанының сәтті аяқталуымен құттықтап, мемлекет тарапынан қолдау жалғасатынын ескертті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша үшінші жыл қатарынан аграрлық секторға ауқымды қолдау көрсетілуде, биыл өсімдік және мал шаруашылығы салаларын қаржыландыру 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті. Нәтижесін көріп отырмыз, соңғы екі жылда жақсы өнім алынып, Қазақстан әлемдегі астық жеткізуші он елдің қатарына кіріп отыр», — деді Олжас Бектенов.

Ал жергілікті шаруалар «Кең дала-2» бағдарламасы мен жеңілдетілген несиелердің шарапатын көріп отырғанын жасырмады.

«Бағдарлама бізге үлкен қолдау көрсетті, бүгінде қаржының уақытылы түсетініне сенімдіміз. Бұрын тыңайтқыштың уақытында келетінін немесе келмейтінін білмейтінбіз, ал қазір тұрақты түрде алып отырмыз, соңғы жылдары дизель отынына қатысты мәселелер де толық шешілді», — деді «СК Вагулинское» серіктестігінің директоры Виктор Редин.

Сапар барысында үкімет басшысына жоңышқаны түйіршіктеп өңдейтін жаңа зауыттың жобасы таныстырылды. Бұл нысан мал шаруашылығын сапалы жеммен қамтамасыз етіп қана қоймай, зығыр мен бидай сабанынан биоотын шығаруды да қолға алмақ. Ал Петропавл қаласындағы Eurasian Milk сүт өңдеу зауытына барған премьер-министр кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Зауыт директоры Андрей Гриценконың мәліметінше швейцариялық технологиямен жұмыс істейтін мекеме жылына 7 мың тонна ірімшік пен 12 мың тонна сары май шығарады. 2026 жылдың соңына дейін зауыт қосымша 6 мың тонна крем-чиз өндірісін іске қоспақ. Отандық өнім ішкі нарықтан бөлек Ресей, Әзербайжан және Қырғызстанға экспортталады. Дегенмен қазір кәсіпорын өз қуатының жартысына ғана жұмыс істеп тұрғандықтан Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне зауыттың толық қуатқа шығуын жеделдетуді тапсырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий