Белгілі ақын әрі композитор Тілеуғазы Бейсембек өмірден өтті
Белгілі ақын, балалар жазушысы әрі композитор Тілеуғазы Бейсембек қайтыс болды. Қаламгер 10 тамызда дүниеден өткен. Бұл туралы оның туысы хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Марқұмның қонақасы 11 тамызда Астана қаласындағы мейрамханалардың бірінде беріледі. Ал жаназасы 12 тамызда елорданың бас мешітінде оқылады.

Тілеуғазы Бейсембек 1942 жылы 24 қазанда дүниеге келген. Ол Алматы облысы Бөрлітөбе ауданындағы Прибалхаш кеңшарында туған. Болашақ композитор 1968 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмамдаған. Оқуды бітірген соң Қарағандыдағы арнайы музыкалық мектеп-интернатта директордың орынбасары болып қызмет етті.
Ақынның «Алғашқы кітап» атты жинағы 1979 жылы жарық көрді. Одан кейін 1982 жылы «Адалдық», ал 1985 жылы «Қыңыр лақ» кітаптары оқырманға жол тартты. Оның өлеңдері бірнеше ұжымдық жинаққа да енген. Еңбегі еленіп, КСРО Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Жазушы композитор ретінде балаларға арнап көптеген ән жазды. Оның туындылары «Әнші балапан» республикалық телебайқауында бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды.
Соңғы жаңалықтар