Белсенділер жалған медициналық анықтама сататын клиниканы әшкереледі

Белсенділер жалған медициналық анықтама сататын клиниканы әшкереледі
06.06.2025 18:26
0
66

Астанадағы Ayana Clinic жеке меншік клиникасы алдында «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері AntiLIPA азаматтық науқаны аясында резонансты акция өткізді. Олар бұл мекемеде жалған медициналық құжаттардың жүйелі түрде сатылатынын анықтаған.

Екі айға созылған бақылау нәтижесінде белсенділер клиникада ешқандай медициналық құрал-жабдық жоқ екенін хабарлады. Тек принтер, кассалық аппарат және жалған мөрлер ғана бар. Құжаттар ешқандай тексерусіз, небәрі бірнеше минутта дайындалады. Тіпті интернеттен жүктелген флюорография анықтамасын сатып алу мүмкін болған.

Акция барысында белсенділер түрлі иісті сұйықтықтар құйылған 150 символикалық “анализ” банкаларын ала келіп, мекемеге «тексеруге» ұсынды. Осыдан кейін клиника қызметі уақытша тоқтатылды.

Белсенділер жалған анықтама тек заң бұзушылық қана емес, адамның өміріне төнетін нақты қауіп екенін атап өтті. Олар Ақтөбедегі жағдайды мысалға келтірді: онда туберкулезбен ауырған медбике балалар ауруханасында жұмыс істегені анықталған. Қазір 700-ден астам бала мен 55 қызметкер бақылауға алынды.

«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Львов Даниил былай дейді:

«Жалған анықтама, сертификат, диплом сататын орындар — себеп емес, салдар. Біз адал дәрігерге, сауатты мұғалімге, сенімді жүргізушіге сенгіміз келеді. Бірақ өзімізде қулық жасау мүмкіндігі болса, соны пайдаланамыз. Жаңа Қазақстан жалғандықпен құрылмайды. Ол адал таңдаудан басталады».

Қозғалыс қоғамды медициналық қызмет сапасына бейжай қарамауға және денсаулық мәселесіне келгенде әрекетсіз қалмауға шақырды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий