Берік Уәли Семей қаласының жаңа әкімін таныстырды

Абай облысы әкімі Берік Уәли Семей қаласының жаңа әкімі Әділет Қожанбаевты таныстырды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Семей. 15 қазан. Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласының алғашқы тікелей сайланған әкімі Әділет Қожанбаевты қала активіне таныстырды.
«Бұл – еліміздің тарихында алғаш рет өткен облыс орталығы әкімінің сайлауы. Қала және жалпы облыс халқы үшін тарихи сәт деуге толық негіз бар. Президент бастаған реформаның жаңа белесі саналатын еліміздегі тұңғыш облыс орталығы әкімінің сайлауы біздің өңірден басталуы заңдылық деп білеміз. Абайдың елі, Алаштың жері өнер мен білімнің ғана емес, демократияның да сәулесін шашты деп мақтанышпен айта аламыз. Өткен сайлауда қала халқы саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетіп, өз таңдауын жасады. Семей қаласы – бұл Алаштың астанасы, мәдени пен руханияттың ордасы, тұңғыштар мекені, Мемлекет басшысы атап өткендей, «тарихи орталық» мәртебесіне ие. Өзінің ерекшеліктері мен қордаланып қалған мәселелері де жетерлік. Әділет Нұрсағатұлы тәжірибесі мол, білікті басшы. Сондықтан Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымының жақсаруына және қаланың жалпы көркейіп-гүлденуіне барлық күш-жігеріңізді саласыз деп сенемін. Облыс тарапынан қолдау көрсетеміз», - деді облыс әкімі.
«Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» заңына сәйкес, Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев 2025 жылдың 14 қазанынан бастап Семей қаласының әкімі лауазымына ресми кірісті.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қазанда басталған Семей қаласы әкімінің сайлауы 14 қазанда Әділет Қожанбаевтың сайлаушылардың 77,1% дауысын жинап, жеңісімен аяқталған болатын.
Соңғы жаңалықтар





