Бетоншыдан басталған жол, темір тормен аяқталды: Сот үкімін естіген шенеунік көз жасына ерік берді

Ақтөбеде аудандық бөлім басшысы 7 жылға сотталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ақтөбе облысының "Шалқар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі"ММ бөлім басшысы Садуақасова Шұға Аяпбергенқызы пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім 10 қазан күні Шалқар аудандық сотында жарияланды.
Іс материалдарына сәйкес, Садуақасова екі мердігер компаниядан «Дәнекер» және «АзияСтройПроект777» серіктестіктерінің жетекшілерінен жалпы сомасы 13 миллион теңгеден астам қаражат талап еткен. «Дәнекер» компаниясы үш ауылда Көпмола, Жылан және Кеңдалада(Тоғыз ауылдық округі құрамындағы ауыл) су жүйесін қайта жаңғырту жобасын жүзеге асырған. Ал пара сұрау арқылы шенеунік орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қоюға уәде берген.
Сот үкімі бойынша Садуақасова Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейтін болды. Сонымен қатар, ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот шешімімен мемлекет кірісіне 2,25 миллион теңге және қосымша 6,5 миллион теңге өндірілмек. Сондай-ақ, оның құрбысының банктік шотында жатқан 5 миллион теңге де бюджетке аударылатын болды.
Істі судья Сұлушаш Махамбетова қарады. Ол Ақтөбе облысының әкімі Шахаров Асхат Берлешұлының атына аудан деңгейінде бақылаудың әлсіздігі мен сыбайлас жемқорлықтың қайталануына жол бермеу туралы жеке қаулы шығарды. Себебі, биыл көктемде осы аудан әкімдігінің тағы екі шенеунігі пара алғаны үшін 6 жылға сотталған болатын.
Айыпталушы сот залында қамауға алынып, үкім оқылған сәтте көзіне жас алды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Садуақасова Шұға Аяпбергенқызы - 5 қаңтар 1969 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Құланды елді мекенінде туған. 1989 жылы техник-құрылысшы мамандығы бойынша Қызылорда политехникалық техникумын тәмандаған. 2013 жылы «Құрылысшы» мамандығы бойынша С.Баишев атындағы Ақтөбе университетін аяқтаған.
Еңбек жолын 1990 жылы Қандыағаш темір-бетон бұйымдары зауытында бетоншы және арматурашы болып бастаған. Кейінгі жылдары түрлі мекемелерде мастер, инженер және маман қызметтерін атқарған.
2006 жылдан бастап Шалқар ауданының сәулет және қала құрылысы саласында жұмыс істеп келеді. Жетекші маман, бас маман қызметтерінен өткен.
2021-2024 жылдар аралығында "Шалқар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметін атқарды.
2024 жылдан бастап "Шалқар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы болып жұмыс істеген.
Соңғы жаңалықтар





