Бір топ турист қар адамын видеоға түсіріп алған

Колорадо штатындағы ормандарда экспедицияға шыққан америкалық туристер тобы ерекше құбылыстың куәсі болды. Интернетте лезде таралып, вирусқа айналған бейнежазбада екі аяғымен жүріп бара жатқан ірі жаратылыс – болжам бойынша, "қар адамы" немесе бигфут бейнеленген.
Бұл туралы Daily Mail басылымы жазды.
Экспедицияны басқарған Логан Кирк Daily Mail тілшілеріне берген сұхбатында оқиғаның қалай болғанын баяндады:
"Біз түскі асқа тоқтағанбыз. Сол сәтте топтағы бір адам бізден шамамен 500 метр қашықтықта қозғалыс байқап қалды. Әуелде бәріміз оны аю деп ойладық, бірақ жақынырақ қарағанда бұл — тік тұрып жүрген, екі аяқпен қозғалған біртүрлі тіршілік иесі екенін аңғардық".
Бейнежазбада қара түсті, қалың түкті жаратылыс ағаштардың арасымен нық қадаммен қозғалып, бір сәтке тоқтап, бақылап тұрғандай болады да, артынша орман ішіне сіңіп кетеді.
АҚШ-та бигфутқа деген қызығушылық ұзақ тарихқа ие. Мұндай тіршілік иесін алғаш көру туралы деректер XIX ғасырдан бері белгілі. Ең атақты бейне – 1967 жылы Солтүстік Калифорнияда түсірілген "Паттерсон-Гимлин фильмі". Алайда ондаған жылдық іздеулерге қарамастан, ғылым бұл жаратылыстың бар екенін әлі мойындамай келеді, себебі нақты дәлелдер жоқ.
Скептиктер бұл жолғы бейнежазбаның да сенімділігіне күмән келтірді. Олардың пікірінше, бұл киім киген адам немесе екі аяғымен уақытша жүрген аю болуы мүмкін.
"Неге бигфутқа қатысты барлық видеолар бұлыңғыр әрі алыстан түсірілген?" – деп жазады әлеуметтік желі қолданушылары.
Алайда Логан Кирк пен оның командасы бұл жерде тоқтап қалмақ емес:
"Біз сол жерге қайта оралып, із немесе басқа нақты айғақтарды табуға тырысамыз. Тау бөктерінде ізі анық көрінбеуі мүмкін, бірақ біз бәрібір әрекет еткіміз келеді", – деді экспедиция жетекшісі.
Кирк бейнематериалды мұқият зерттеп, үлкейтіп қарағанын айтады, бірақ әзірге нақты қорытынды жасау қиын екенін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар





