Алматыда Сәтбаев университетінің проректоры жемқорлық ісі бойынша қамауға алынды
Алматыда Сәтбаев университетінің проректоры Ержан Көлдеев жемқорлық ісі бойынша тергеліп жатыр. Ол басқа күдіктілермен бірге қамауға алынған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Бұған дейін Ержан Көлдеевтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Осыдан кейін редакциямыз прокуратура мен университетке ресми сауал жолдады. Университеттен әзірге жауап келген жоқ.
Прокуратураның мәліметінше, Ержан Көлдеев пен басқа да тұлғалар бірнеше сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.
«Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел тергеу тобы Е.И. Көлдеев пен басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынды», деп хабарлады прокуратура.
Ведомство тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.
Ержан Итеменұлы Көлдеевтің Сәтбаев университетімен байланысы шамамен 40 жыл бұрын басталған. Ол бұрын Политехникалық институт аталған оқу орнына студент болып түсіп, кейін сонда жұмысқа қалған.
Көлдеев университетте сабақ беріп, түрлі басшылық қызметтер атқарған. Кейін оқу орнының басқару және стратегиялық жоспарлау мәселелеріне жауапты проректоры болған.
Соңғы жаңалықтар