«Бірінші орынға шыққанда ғана…»: Бибісара Асаубаева жұрт күтпеген сырын бөлісті

04.07.2026 13:27 Қарақат АСЫЛОВА
«Бірінші орынға шыққанда ғана…»: Бибісара Асаубаева жұрт күтпеген сырын бөлісті
200

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемнің ең үздік шахматшысы атануды көздейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, соңғы жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ой бөлісті.

Спортшының айтуынша, әрбір маңызды жеңістен кейін өмірі түбегейлі өзгереді деп ойлағанымен, уақыт өте келе оған көзқарасы өзгерген. Үш дүркін әлем чемпионы атану, гроссмейстер атағын алу, Үміткерлер турнирінде жүлдегер атану және халықаралық жарыстардағы жеңістер оның өзіне деген көзқарасын айтарлықтай өзгертпегенін айтты.

Бибісара ендігі басты мақсаты – әлемдік рейтингтің көшін бастау екенін жеткізді. Оның пікірінше, дәл осы белес жаңа кезеңнің бастамасы болуы мүмкін.

Сонымен қатар шахматшы соңғы жылдары ойынға деген көзқарасы өзгергенін атап өтті. Егер бұрын нәтижеге көбірек мән берсе, қазір шахмат ойнаудың өзінен ләззат алатынын айтты. Сондай-ақ Үміткерлер турнирі кезінде үлкен психологиялық қысымға тап болғанын, бірақ сол қиын кезеңді еңсергенін жасырмады.

Айта кетейік, биыл 22 жастағы Бибісара Асаубаева Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) шілде айындағы рейтингінде 2538 ұпай жинап, алғаш рет әлемнің үздік бес шахматшысының қатарына енді. Бұл – қазақстандық шахмат тарихындағы маңызды жетістіктердің бірі.

Войдите, чтобы оставить комментарий