Бішкек зообағында өрт шығып, жануарлар қаза тапты
28 қаңтар күні Бішкектегі Октябрь ауданындағы реабилитациялық зообақта өрт шығып, бірнеше жануар қаза тапты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қырғыз Республикасының ТЖМ мәліметінше, өрт 10 шаршы метр аумақтағы контейнерден жасалған және ағашпен қапталған вольерде шыққан. Өрт 08:50-де толығымен сөндірілгенімен, трагедияның салдарынан төрт маймыл (бір ересек және үш бала), екі сурикат, кенгуру және ара тотықұсы қаза тапты.
Зообақ директоры Владислав Шевченконың айтуынша, өрттің себебі электр жүйесіндегі ақау болған. Суық күндері тропикалық жануарларға жайлы жағдай жасау үшін бұл вольерде еден мен қабырғаларды жылыту жүйесі үнемі жұмыс істеген. Алайда, қысқа тұйықталу орын алып, өрттің тез таралуына себеп болған.
Шевченко өрт салдарынан көршілес вольерлерге де зақым келгенін және зообақтың алдағы күндері уақытша жабылатынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда өрттің нақты себебін анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.