Бизнес жаппай жабылып жатыр ма: министр салық реформасының алғашқы нәтижесін жариялады

04.05.2026 10:58 Арман Ермеков
Бизнес жаппай жабылып жатыр ма: министр салық реформасының алғашқы нәтижесін жариялады
855
Серік Жұманғарин салық реформасының алғашқы нәтижелерін жариялады / Фото: ашық дереккөз

Елімізде 200 мыңнан астам жеке кәсіпкердің не себепті жұмысын тоқтатқаны және салық реформасының алғашқы қорытындылары белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстанның ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өзінің жеке парақшасында салық реформасының алғашқы нәтижелерін жариялап, шағын және орта бизнестің жағдайына қатысты сарапшылардың сынына жауап берді. Ол өз сөзінде кәсіпкерліктің қазіргі жай-күйі мен салық түсімдері туралы нақты деректермен бөлісті.

«Cарапшылардың БАҚ-тағы пікірлері мен жарияланымдарын қарап, көпшіліктің көкейінде шағын және орта бизнестің нақты белсенділігіне қатысты күмән барын, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының деректері әртүрлі түсіндіріліп жатқанын көріп отырмын. Сонымен қатар Askar Aisaut АЕК-ті реформалау туралы ұсынысымен таныстым. Бұл постта осы сұрақтарға жауап беремін. Ал бизнес дамуына нақты әсер ететін факторларды кейінірек бөлек талдайтын боламыз. Тағы да фактілерге жүгінейік. Бұған дейін жазғанымдай, салық реформасының алғашқы нәтижелерінің негізгі көрсеткіштері мынадай ҚҚС төлеушілер санының өсуі, экономикалық белсенді қатысушылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының артуы еңбек нарығының көлеңкеден шығып, заңдаса бастағанын білдіреді. Салықтың көбеюіне жай ғана ақша жинау емес, экономикалық белсенділік пен салықты басқарудың жақсаруы себеп болды. Салық түсімдері бойынша жоспар есептік көрсеткіш, оны жеткілікті дәл болжауға болады. Ал салық базасының кеңеюі, бизнестің көлеңкеден шығуы және жұмыспен қамту құрылымының өзгеруі сияқты параметрлер әрекеттік сипатта болады, біз бұл әсерді күттік және есепке алдық, бірақ оны алдын ала нақты есептеу мүмкін емес. Сондықтан да бизнестің жаңа жұмыс режимдеріне бейімделе бастаған бірінші тоқсан деректері реформаның алғашқы нәтижелері мен даму бағытын көрсететін ең маңызды кезең», – деді ол.

Министрдің мәліметінше биылғы жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта бизнестен бюджетке түсетін табыс 20,3 пайызға өсіп, электрондық шот-фактура жүйесіндегі айналым 14 пайызға артқан. «Halyk Finance» ұсынған іскерлік белсенділік индексі шағын бизнестің тұрақты екенін көрсетсе, мұнай секторындағы жағдайға байланысты ірі бизнестің белсенділігі сәл төмендеген. Дегенмен сауда мен құрылыс салаларында айтарлықтай құлдырау байқалады. Серік Жұманғарин мұны салықпен емес, несиенің қымбаттауымен және банктердің қаржыландыруды шектеуімен түсіндірді. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі ұзақ уақыт жоғары болып тұрғандықтан, несие алу қиындап, бұл жалпы экономикалық белсенділікті төмендеткен.

Биылғы жылдың алғашқы үш айында 207 мыңнан астам жеке кәсіпкер жұмысын тоқтатқан. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есеге көп. Үкімет салықтан жалтару үшін бизнесін бөлшектеп тастаған 300 мыңға жуық кәсіпкер нарықтан кетеді деп алдын ала күткен екен. Шын мәнінде жабылған кәсіпорындардың басым бөлігі кірісі мен жұмысшылары жоқ белсенді емес компаниялар болып шықты. Олардың біразы өзін-өзі жұмыспен қамту режиміне өтсе, енді бірінде мүлдем табыс болмаған. Сонымен қатар осы уақыт аралығында жаңадан 99 мыңнан астам салық төлеуші тіркеліп, 410 мыңнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына қосылды. Олардың 85 пайызы «Indriver», «Yandex», «Wolt» сияқты платформаларда еңбек ететіні белгілі болды.

Экономикалық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, қызмет көрсету мен сауда саласы басым Астана қаласы жалпы ішкі өнім бойынша мұнайлы Атырау облысын басып озған. Бұл шағын бизнестің ел экономикасындағы маңызын айқын көрсетеді. Ал Ұлттық статистика бюросы жариялаған 184 мың кәсіпорын жұмысын тоқтатты деген ақпаратқа келсек, министр бұл тізімге жылдар бойы жұмыс істемеген компаниялар да кіріп кеткенін мәлімдеді. Салық органдарының нақты дерегі бойынша биыл тек 62 мыңға жуық кәсіпкер қызметін уақытша тоқтатқан, бұл қазіргі экономикалық жағдайға сай қалыпты құбылыс саналады.

Желі қолданушыларының бірі айлық есептік көрсеткішті реформалауды ұсынған болатын. Бұл сауалға жауап берген ұлттық экономика министрі мәселенің өте күрделі екенін жеткізді.

«Askar Aisaut, айлық есептік көрсеткішті реформалау туралы ұсынысыңызға қатысты АЕК-ті қолдану механизмін жетілдіру немесе оны ықтимал жою жөнінде бізге түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. АЕК-тен толық бас тарту туралы айтып отырған жоқпын, өзіңіз де ұсынысыңыздың оған қатысты емес екенін атап өттіңіз. АЕК елдегі 2 Конституциялық заңда, 15 кодексте және 70 заңда қолданылады. Ол Салық, Әлеуметтік, Кәсіпкерлік кодекстерде және ӘҚБтК-де түрлі мөлшерлемелерді есептеу үшін пайдаланылады. Бірыңғай көрсеткішті алып тастау немесе оны бірнеше есептік бірлікке бөлу ондаған жаңа көрсеткіш енгізуді, әртүрлі әдістемелер жасауды, заңнамаға жүздеген өзгеріс енгізуді және қосымша әкімшілік шығындарды талап етеді. Жалпы алғанда, Үкімет АЕК қолдану тәсілдерін жетілдіруге бағытталған кезең-кезеңімен реформаны қарастыруға дайын. Алайда бұл мәселе барлық әлеуметтік-экономикалық және құқықтық факторларды ескере отырып, кешенді әрі салмақты тәсілді талап етеді», – мәлімдеді Жұманғарин.

Войдите, чтобы оставить комментарий