Блогердің жасырған ақшасын іздеген халық супермаркетті талқандап кетті

Танымал блогер Justking-тің супермаркетте түсірген кезекті видеосы желі қолданушылары арасында кең таралып, күтпеген жағдайға себеп болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ MADENIPORTAL.KZ-ке сілтеме жасап.
Ол тауарлардың арасына жасырын түрде ақша қойып кеткен сәтін бейнероликке түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялаған. Алғашында бұл видео желіде жағымды көңіл-күй тудырып, пайдаланушылар арасында кеңінен талқыланды. Дегенмен, көп ұзамай аталған супермаркетте қиындықтар туындағаны белгілі болды.
Ақша тауып алуға құмар кейбір тұтынушылар сөрелердегі тауарларды ашып, жыртып, бүлдіріп кеткен. Нәтижесінде дүкендегі өнімдердің біразы жарамсыз болып қалған. Мәселен, бір ғана зақымданған тауардың құны 8400 теңгеге жеткен. Бұдан да сорақысы — бүлінген тауардың шығынын қарапайым мерчендайзерлер, яғни сөрелерді реттеуші қызметкерлер өз қалталарынан өтеуге мәжбүр болған. Бұл жағдай қоғамда қызу пікірталас туғызып, блогерлердің әрекеті мен жауапкершілігі жайлы сұрақтар тудырды.
Дегенмен, жағдай оң шешімін тапты. Justking бұл жағдайдан хабардар болысымен, тез арада супермаркет басшылығымен байланысып, келтірілген материалдық шығынның барлығын өз есебінен өтеп берді.
Соңғы жаңалықтар





