Болат Назарбаевтың ұлының активтерін тексеру талап етілді

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Болат Назарбаевтың үлкен ұлы Нұрбол Назарбаевтың мүлкіне қатысты түбегейлі тексеріс жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Оның айтуынша, жуырда сот шешімімен Нұрбол Назарбаев 57 миллиард теңгенің активінен айырылып, бұл қаражат мемлекетке қайтарылған. Сонымен бірге оған 925 миллион теңге айыппұл мен 230,4 миллион теңге айыпақы салынған. Барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірістерін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылған.
Алайда депутат мәселе мұнымен бітпейтінін жеткізді.
"Бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облысында заңсыз алған жер телімдері туралы қоғамда түрлі дерек айтылып жүр. Әсіресе, атышулы "Алтын орда" базарына қатысы жиі сөз болады. Алайда бұл нысандардың тәркіленген активтер қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз. Себебі бұл мәселелердің нақты жай-жапсары ашық түрде жарияланбаған. Сот шешімдері шыққанымен, процестер жабық түрде өтуі қоғамда алаңдаушылық туғызады. Өйткені активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа нақты пайдасы, жұмыс орындары сақталуы сияқты мәселелер түсініксіз қалып отыр", – деді Ринат Зайыт.
Депутат Бас прокурор Берік Асыловқа мынадай сауалдар жолдады:
- Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеме жүргізіп, оның заңдылығын анықтау, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтару.
- Қайтарылған заңсыз активтер және олардың пайдаланылуы бойынша толық ақпаратты жұртшылыққа қолжетімді ету.
- "Алтын орда" базары және Алматы қаласы, Алматы облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастау.
Соңғы жаңалықтар





