Каспий табиғатын сақтау мақсатында халықаралық қор құрылады

09.10.2026 • 19:52 Томирис САҒЫНДЫҚ
Каспий табиғатын сақтау мақсатында халықаралық қор құрылады
143
ЖИ арқылы жасалған сурет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий акваториясындағы табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін браконьерлікке тосқауыл қойып, сирек кездесетін флора мен фаунаның мекенін қорғауды басты міндет ретінде белгіледі. Ол Каспий итбалықтарының популяциясын қалпына келтіру мен аймақтың экожүйесін аман алып қалуда халықаралық әріптестікті арттырудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиын барысында Теңіздегі биологиялық алуантүрлілікті қорғау бойынша қосымша шараларды шұғыл қолға алу керектігі сөз болды.

Президенттің сөзінше, су деңгейінің тартылуы, табиғи ластанулар, экожүйенің өзгеруі мен адам факторының кері әсері уылдырық шашатын аумақтарды қайта тірілтуді, сондай-ақ өзен аңғарлары мен осал түрлерді қорғауды жеделдетуді талап етіп отыр.

"Солтүстік Арал тәжірибесі инженерлік шаралар мен табиғатқа бағдарланған ғылыми тәсілдерді ұштастыру су шаруашылығына қатысты және экологиялық міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Сонымен қатар жағалаудағы аумақтарды сақтап, климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетуге болатынын дәлелдеді. Заңсыз балық аулауға және биологиялық ресурстардың көлеңкелі айналымымен күреске баса мән беру қажет. Бұл мәселені ұжымдық күш-жігер арқылы ғана шешуге болады. Құқық қорғау және табиғатты қорғау органдары арасында ақпарат алмасуды жандандырып, бірлескен жедел іс-шаралар өткізу қажет. Цифрлық мониторинг құралдарын қолданғанымыз жөн. Қазақстан осы ортақ жұмысқа Каспий итбалығы мен оның тіршілік ету ортасын сақтау мақсатында құрылған мемлекеттік табиғи резерват әлеуетін жұмылдыруға әзір. Итбалықтардың тіршілік циклі үшін өте маңызды аймақтарда антропогендік әсерді барынша азайту мақсатында экологиялық дәліздерді сақтау мәселесіне де баса мән берген жөн. Сайып келгенде, Каспийді итбалықсыз елестету мүмкін емес. Еліміз Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру жұмысын қолға алды. Оның мақсаты — табиғатты қорғау ісінде әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру. Каспий теңізінің бірегей экожүйесі мен сирек кездесетін түрлерді қорғау қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі болады. Қор жұмысына белсенді атсалысып, бірлескен нақты жобаларды іске асыруға шақырамын", — деді Мемлекет басшысы.

Осыған дейін алғаш рет ұйымдастырылған Каспий экологиялық саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев теңіз айдынының тартылуы мен биологиялық ресурстардың азаюына қатысты дабыл қаққан еді. 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий