Британдық мұнай-газ компаниясы Қазақстанды сотқа берді

Британдық мұнай-газ компаниясы Қазақстанды сотқа берді
25.03.2025 12:10
0
762
Коллаж POLITICO.KZ
Қазақстан мен шетелдік компания арасындағы заңдық дау қайта жанданды

Британдық Victoria Oil & Gas мұнай-газ компаниясы Қазақстанды халықаралық арбитражға берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Компания Атырау облысындағы Кемеркөл кен орнын игеру келісімшартының тоқтатылуына байланысты шағым түсіріп отыр. Арбитраждық талап Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықта (ICSID) тіркелген. Бұл туралы орталықтың ресми сайтында хабарланды.

Шағым 21 наурызда ресми түрде қабылданды. Victoria Oil & Gas компаниясы Қазақстаннан талап ететін өтемақы сомасы нақтыланбағанымен, компания бұған дейін шығын мөлшерін шамамен 500 миллион долларға бағалаған.

Қазақстан тарапынан арбитраждық процесте Әділет министрлігі өкілдік етеді.

Victoria Oil & Gas 2006 жылы Кемеркөл кен орнын игеру үшін келісімшарт алған. Алайда 2008 жылы Атырау облыстық экономикалық соты компанияның лицензиясын қайтарып алып, кен орнын басқа компания – «Бақыт Тау» ЖШС-не берген. Британдық тарап бұл шешіммен келіспей, өз құқықтарын қорғауға кіріскен болатын. Ұлыбритания мен Канада соттары инвестордың пайдасына шешім шығарғанымен, Қазақстан жағы өз ұстанымын сақтап қалды.

Компания 2021 жылы да Қазақстан билігін сотқа беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Ол кезде де талап сомасы жүздеген миллион долларға бағаланған еді.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов бұл жағдайды экономикалықтан гөрі саяси дауға ұқсатады.

– Кемеркөл кен орны аса ірі емес. 1991 жылғы мәлімет бойынша қоры 15 миллион тонна болса, соңғы бағалауда төрт миллион тонна ғана екені анықталған. Оның өзінде бір-ақ миллионын өндіруге болады. Сондықтан, бұл жағдай Стати ісіне ұқсайды: саяси реңк басым, – дейді сарапшы.

Айта кетейік, бұған дейін де Қашағандағы шетелдік инвесторлар Қазақстанға қарсы арбитражда жеңіске жеткен болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий