«Бұл – өз жеріңе түкіру»: Әлішер Кәрімов халыққа үндеу жасап, ашық ренішін айтты
Танымал әнші Әлішер Кәрімов әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтарға арнап үндеу жасап, қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz
Өнер иесі көпшілік орындарда адамдардың бейәдеп әрекетіне қынжылыс білдіріп, бұл әдеттің әлі күнге дейін жойылмағанына таңғалатынын айтты.
«Мені мазалайтын бір сұрақ бар. Қырық жасқа келдім, бірақ әлі де түсіне алмаймын. Неге біздің халық қай жерде жүрсе де түкіріп жүре береді? Демалыс орындарында да, қоғамдық жерлерде де барлық жерде сол көрініс», — деді әнші.
Оның айтуынша, бұл әрекет тек мәдениетсіздік емес, туған жерге деген құрметсіздіктің белгісі.
«Қазір бір әйел өтіп бара жатып, қақырып түкірді. Бұл дегеніңіз — өз туған жеріңізге түкіріп жатырсыз деген сөз. Мұны біржола тоқтату керек», — деп ашық айтты Әлішер Кәрімов.
Әншінің бұл үндеуі желі қолданушыларының кең қолдауына ие болды. Көпшілік пікірде:
«Өте дұрыс айттыңыз, туған жерімізді қадірлейік», «Көшеде түкірген адамдарды мен де жек көремін», «Жүрген жерін сасытып, шірітіп кетеді — мәдениет жоқ», «Көшеде жүріп, түкірік басып кетпейік деп аяғымыздың астына қарап жүреміз» деген наразылық пен қолдау қатар айтылды.
Желі қолданушылары бұл мәселе қоғамда ашық айтылып, мәдениет пен тазалыққа деген көзқарас түбегейлі өзгеруі керек екенін жазуда.
Соңғы жаңалықтар