"Бұл қазақтарды сыйламау": Тегінде қазақ әріптері бар жанкүйерлер билетсіз қалды

Аты-жөніңде қазақ әріптері бар жанкүйерлер «Қайрат» пен «Реал Мадридтің» тарихи ойынына билет ала алмады, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
30 қыркүйекте Алматының орталық стадионында «Қайрат» пен «Реал Мадрид» футбол клубтары арасында көптен күткен ойын өтеді. Алайда, билет сатылымы кезінде жанкүйерлердің біразы күтпеген кедергіге тап болды.
23 қыркүйекте сағат 17:00-де басталған билет сатылымы небәрі төрт сағаттың ішінде аяқталып, 23 800 билет толық сатылып кетті. Билеттер Qairat SuperApp, «Қайраттың» ресми сайты, Ticketon және Freedom сияқты сервистерде сатылды. Бірақ осы кезде әлеуметтік желіде билет сатқан сервистерге қатысты наразылық толқыны басталды.
Мәселе неде?
Ең басты мәселелердің бірі – Ticketon сайтында тегі мен атында қазақ әріптері бар жанкүйерлердің билет сатып ала алмауы болды. Олар өздерінің аты-жөнін сайтқа енгізген кезде, жүйе «Аты-жөніңізді толтырыңыз» деген қате туралы хабарлама көрсетіп тұрып алған. Ал егер аты-жөнді орыс әріптерімен жазса, онда мұндай мәселе туындамаған.
(Қазақша терген кезде)
(Орысша терген кезде)
Жанкүйерлер не дейді?
Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы baktygalyiev бұл жағдайға бірінші болып назар аударды.
«Аты-жөніндегі қазақ әрпіне бола билет ала алмағандарға жаным ашиды. Менің досым дәл осы себеппен билетсіз қалды. Бұл қателік өткен жылдан бері бар. Қазақстан – Словения матчына билет алғанда да байқаған едім, бірақ әлі күнге дейін түзетілмепті», — деп жазды ол.
Тағы бір qazaaq.08 есімді қолданушы тікелей билет сатушы компанияға шағымданды.
«Сіздердің жүйелеріңіз билет сатып алу үшін қазақ әліпбиін қабылдамайды. Осы қателіктің кесірінен «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойынына билет ала алмаған адамдар бар. Неліктен Қазақстанда билетті ҚАЗАҚША ӘРІПТЕРІ БАР ӨЗІҢНІҢ ҚАЗАҚША ЕСІМІҢЕ сатып алуға болмайды?», — деп жазды ол.
Бұл мәселені alinur_manap есімді қолданушы да растап, суретін де жариялады.
«Мен сайтқа кіріп, билеттерді таңдадым, бірақ менің атым қазақша болғандықтан, билет сатып ала алмадым. Ал аты-жөнді құжаттағыдай жазу керек», — деді ол.
Бұл жазбалардың астында басқа да қолданушылар өз пікірлерін білдіріп, мұндай жағдайды қазақ тіліне деген құрметсіздік деп бағалады.
«Бұл ұсақ-түйек сияқты көрінгенімен, қазақстандық болып көрінетін ресейлік компания тұтынушыларға құрмет көрсетіп, сайтта қазақша жазу мүмкіндігін қосуы керек», — деп пікір білдірді azhuzhan.
Guldaray есімді қолданушы да өз наразылығын жасырмады.
«Егер ол ticketonKZ болса, қалайша онда ҚАЗАҚША шрифт болмайды??? Қалай? Онда не үшін KZ деп жазады? Бұл қазақтарды сыйламау, өйткені қазір көпшіліктің аты-жөні тек қазақша жазылады», — деп пікір білдірді қолданушы .
Freedom қалай жауап берді?
Freedom ticketon компаниясының ресми парақшасы барлық шағымдарға бірдей жауап берді. Олар мұндай жағдайдың болғанын жоққа шығармайды.
«Желіде біздің сервис қазақ әріптерін қолдамады деген ақпарат тарап жатыр. Мұндай жағдайлар жекелеген сипатта болғанын атап өтеміз. Олардың себептері әзірге техникалық бөліммен анықталмады, бәлкім, бұл жекелеген құрылғылардың баптауларына байланысты болуы мүмкін. Сервис осы уақыт бойы штаттық режимде және үш тілде жұмыс істеп тұрды», — делінген ресми жауапта.
Алайда, осыдан кейін baktygalyiev есімді қолданушы жаңа видео жариялап, мәселенің әлі де бар екенін, оны үш түрлі құрылғыдан тексергенін көрсетті.
«Тикетон өтірік ақпарат деп жазыпты. Жаңа ғана 3 ноутбук пен Android-тан тексердім. Әлі осылай тұр. Неге өтірік ақталғанша қатені мойындап, сонымен жұмыс жасамасқа?» — деп жазды ол.
Еске сала кетейік, бұл билет сатуға қатысты бірінші дау емес. Бұған дейін де жанкүйерлер техникалық ақауларға, виртуалды кезекте бірнеше сағат тұру және төлем жасаудағы қателіктер мен ақша шешілгеннен кейін билеттің жеке кабинетте көрінбеуі сияқты ақауларға шағымданған болатын. Ұйымдастырушылар өткен тәжірибеден сабақ аламыз деп уәде бергенімен, жағдай қайталанып отыр.
Соңғы жаңалықтар





