Атырау облысында ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікті Индонезиядан ұсталды

24.02.2026 19:07 Арман Ермеков
Атырау облысында ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікті Индонезиядан ұсталды
792
Фото: Әлеуметтік желі

Ішкі істер министрлігі Атырау облысында қос кісі өлтіру ісі бойынша іздеуде жүрген күдіктінің Индонезияда ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстандық тәртіп сақшылары шетелдік әріптестерімен бірлесіп 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевті Ломбок аралындағы Сенару ауылында қолға түсірді. Оның жанынан бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы әйелі де табылған.

Жангелдин ауылында тұратын Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева 2025 жылы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен болатын. Биылғы қаңтар айында ерлі-зайыптының мәйіттері табылып, полиция қылмысқа олардың күйеубаласының қатысы болуы мүмкін екенін анықтады. Осыдан кейін 8 қаңтарда күдіктіге ресми түрде халықаралық іздеу жарияланды.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, ер адам екі кісіні өлтіруді 2025 жылдың қараша айында ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен дүниеқорлық ниетпен алдын ала жоспарлаған. Қылмысын жасыру үшін ол мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін мұқият тазалаған және марқұмдардың ақшасы мен мүлкін иемденіп кеткен. Ұсталған азамат Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша айыпталып отыр.

«Қазіргі уақытта оларды Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий