Пәтер мен 20 миллион ұсынған: Қыз зорлады деген шенеуніктің ісі бойынша жаңа дерек шықты

24.02.2026 15:02 Арман Ермеков
Пәтер мен 20 миллион ұсынған: Қыз зорлады деген шенеуніктің ісі бойынша жаңа дерек шықты
343
Фото: istockphoto.com
Қыздың әкесі полицияға жазған арызын қайтып алмағанын айтып, шенеунікті сот арқылы жазалауды талап етіп отыр.

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында кәмелетке толмаған қызға зорлық көрсетті деген күдікке ілінген бұрынғы шенеуніктің ісіне қатысты қыздың әкесі пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Орал апталығы» басылымына берген сұхбатында қыздың әкесі қаңтар айының басында тәртіп сақшылары отбасына қатты қысым жасағанын жеткізген. Оның сөзінше полиция қызметкерлері әйелі мен қызын жеке бөлмеге апарып, арыздан бас тартуға үгіттеген. Ер адам бұл жағдайды кейін білгенін және істі сотқа дейін жеткізуге бекінгенін алға тартты. Ол шенеуніктің алғаш ұсталған кезде мас күйде болып қылмысын толық мойындағанын, алайда екі күннен кейін адвокат жалдап қыздың жасын 20-да деп ойлағанын және барлығы өзара келісіммен болғанын айтып жауабын өзгерткенін мәлімдеді.

Сонымен қатар қыздың әкесі шенеуніктің әйелі үйіне келіп кешірім сұрағанын және ақша ұсынғанын жеткізді. Одан бөлек шенеуніктің Астанадағы бауырлары 10 немесе 20 миллион теңге көлемінде қаражат беруге немесе пәтер алып беруге уәде еткен. Алайда ол бұл ұсыныстардың барлығынан бас тартып, мұндай қадам қызының болашағына кері әсер ететінін түсіндірді. Бұдан бөлек оқу орнының өкілдері келіп қызды есепке алмақ болған, бірақ оқиғаның күндіз болғанын білген соң бұл ниеттерінен қайтқан.

«Мен полицияға жазған арызымнан бас тартқан жоқпын, үйде өсіп келе жатқан тағы бір қызым бар, егер бұл іс жазасыз қалса оның көзіне қалай қараймын», – деді қыздың әкесі.

Қыздың әкесі осы шенеуніктің құрбаны болған тағы бір кәмелетке толмаған қыздың бар екенін де айтты. Оның мәліметінше шенеунік желтоқсан айында жас жігіттің атынан хат жазып, екінші қызды да алдап үйіне апарып зорлаған. Бірақ ол отбасы қысым мен қорқытудан қаймығып полицияға шағым түсіруден бас тартқан көрінеді.

Айта кетейік бұған дейін Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті тергеу барысында зорлық әрекеті анықталмағанын хабарлаған болатын. Ресми мәліметте жәбірленуші мен оның анасы жақындықтың екі жақты келісіммен болғанын растап, шағымнан бас тартқаны айтылған еді. 57 жастағы күдікті аудандық әкімдік бөлімінде жұмыс істеген және осы арыздан кейін қызметінен бірден босатылған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий